Басты Жаңалықтар «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөлмесіне биыл 130 мың адам келген

«Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөлмесіне биыл 130 мың адам келген

Кейбір әділетсіздіктер мен органдардың «бармақ басты, көз қысты» әрекеттеріне осы жерде шағым айтты. Бүгін үздіктері марапатталды. 1 миллион мүшесі бар еліміздің басты партиясы қазір жұмысын жандандырды. Игі, ілкімді жобаларды қолға алды. Ең бастысы, жалпыдан жалқыға, сөзден іске көшті.

Әкім де, министр де, бастық та, депутат та, барлығы «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөлмесіне келуі тиіс. Келіп қана қоймай, азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, талап-арызын тыңдап, қолұшын беруі керек. Халықтың партиясында әлеуметтік түйткілдер, жұмыспен, баспанамен қамту, заңсыздық сияқты өзекті мәселелер қалыс қалмайды.

Жоғарыдағыларға қолы жетпей, төмендегілерге сөзі өтпегендіктен, «Нұр Отанның» қабылдау бөлмесіне келіп, мәселесін шешкендердің бірі - Қайырбек Нұғыманов. Ол осыдан біраз уақыт бұрын зейнетақыға қатысты сұрақтарын жауапты органға қойып, сол жерде мәселесі шешілген еді.

Қайырбек Нұғыманов, зейнеткер:

- Айтқан сөзімді жерге тастамады. Көптеген кісілер келіп жатыр, арасында зейнеткерлер де бар.

Биылғы жылы 130 мың адам қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келген. Бұл - жоғары көрсеткіш. Жалпы, 2016 жылы 23 пайызының ғана мәселесі шешілсе, 2017 жылы 29 пайыз болды. Ал, биыл «Нұр Отанның» қабылдау бөлмесіне келгендердің өтініштерінің 40 пайызға жуығы шешілген. Яғни, нәтиже бар, бірақ, босаңсуға негіз жоқ.

Мәулен Әшімбаев , «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы, Партия төрағасының тапсырмасы бойынша соңғы уақытта көптеген жұмысты қолға алдық. Бірақ, оны әрі қарай да жандандыруға тиіспіз. Атқарушы орган, депутаттар, құрылым басшыларын жұмылдыру - мақсат. Бір жағынан, бұл партияға деген сенім, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік. Біз халыққа ашық болуымыз керек. Мәселесімен келген азаматтың өтінішін мұқият қарап, нәтиже шығаруымыз маңызды. Тіпті қажет болып жатса, сол мекеменің , министрліктің қызметкерін қабылдау бөлмесіне шақыртып алуымыз керек. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне цифрлық технологияны енгізу де өзекті.

Цифрландыру демекші, қазір қоғамдық қабылдау бөлмелерінде де өзгеріс бар, жаңашылдық енгізіліп жатыр. Мәселен, бұрын қажетті органға хатты жіберуге 5 күн кетсе, қазір он-ақ минут. Азаматтар электронды түрде өз арыз-шағымын үйде отырып-ақ жолдай алады. Аймақтарда, тіпті шалғай ауылдарда да қабылдау бөлмемелері тұрғындар үшін ардайым ашық.

Биыл республикалық қабылдау бөлмесінің негізінде «Заңгерлік көмек» партиялық жобасы сәтті жүзеге аса бастады. Онда азаматтар тегін кеңес, бағыт-бағдар ала алады. Сонымен қатар, кеңестен бөлек, мұнда істің басынан соңына дейін мұқтаж адамдарға кешенді қызмет көрсетіледі. Астана қаласының авдокат жалдауға ақшасы жоқ 57 тұрғынының өтініші сотта қаралып, оң нәтиже берген. Ал, бүгін «Ең үздік республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ел бойынша жұмысын істеп тұрған 230-дан астам осындай қоғамдық қабылдау бөлмесі енді жұмысын ширата түседі. Нәтижесінде, Қайырбек Нұғыманов сияқты азаматтар алаңсыз өмір сүреді.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу