Басты Жаңалықтар СҚО-да қоқысты қайта өңдейтін зауыт жұмысын бастады

СҚО-да қоқысты қайта өңдейтін зауыт жұмысын бастады

Теріскейде индустрияландыру бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Екінші бесжылдықта инвестициялық құны 900 миллиард теңгеден асатын 44 жоба жүзеге асырылмақ. Солардың бірі - пластик өнімдерді қайта өңдеп, тұрмысқа қажетті заттар шығаратын зауыт.

Бұл - елімізде теңдесі жоқ зауыт. Тұрмысқа аса қажетті, халық көп қолданатын тауарларды енді Қытайдан тасымалдамаймыз. Ішкі нарықты толық қамтып, артылғанын шетел асыруға да мүмкіндік бар.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Қалдықтарды барлық облыстардан, Ресей облыстарынан да әкелеміз. Өнімдердің 20 пайызын экспортқа шығарамыз. Елбасы Жолдауында айтқандай, қарапайым экономикалық тауарларды шығаратын боламыз.

Зауыттағы қондырғылардың бәрі автоматтандырылған. Қол еңбегі жоқтың қасы. Сондықтан, еңбек өнімділігі жоғары. Барлығы 180 адам жұмыс істейді.

Андрей Гардингер, оператор:

 - Әр заттың бағдарламасы компьютерге енгізіледі. Пластикті балқыту, оны салқындату, осының бәрін құрылғы атқарады.

Зауыт  жылына 20 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Қазірдің өзінде тұрмысқа қажетті заттарға сұраныс жоғары.  

«Мынадай қондырғымен жұмыс істеудің өзі ғанибет», дейді мамандар. Өйткені, әр тауарға қатысты ақпарат компьютерге енгізілген. Оператордың жұмысы дайын өнімді алып, артығын кесу ғана. Бар-жоғы 2 минуттың ішінде леген дайын болып шықты. Бұған небәрі 500 граммдай ғана түйіршік кетеді екен.

Еліміздің өнеркәсіп саласын ілгерлеткен зауыт келешекте өнім көлемін арттыра түспек. Экономикалық тиімділігі айқын жобаның әсіресе қоршаған ортаға пайдасы орасан. Өйткені, қолданылған ескі тұрмыстық қалдықтар қайта өңделіп, дайын өнім шығарылады. Сондай-ақ, импорттың үлесін азайтуға үлкен мүмкіндік туды.  

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу