Басты Жаңалықтар Алматылық кәсіпкер уақытша сақтау қоймасына қалдырған 3 млн. доллардың тауарын таба алмай жүр

Алматылық кәсіпкер уақытша сақтау қоймасына қалдырған 3 млн. доллардың тауарын таба алмай жүр

«Тауарымды қайтарыңдар». Осылай деген алматылық кәсіпкер Әмірбек Шырбаев төрт жыл бұрын уақытша сақтау қоймасына қалдырған 30 контейнерін іздеп әлек. 2014 жылдан бері бұл іс созбаққа салынып, әлі күнге дейін шешілмей тұр. Әділдік іздеген Әмірбек Шырбаев баспасөз мәжілісін өткізіп, журналистер мен заң органдарынан көмек сұрады.

Оның айтуынша, түрлі тауар тиелген 30 контейнері уақытша сақтау қоймасынан қолды болған. Оны жалға алған серіктестік иесі сауда нүктелеріне жөнелтілетін тауардың орнын қоқыспен толтырып қойған. Қытайдан Алматыға тауар тасып, нәпақасын тауып жүрген кәсіпкердің қолында сот шешімі де бар. Оған сәйкес, құны 3 млн. доллар болатын тауардың 1 млн. доллары тәркіленіп, мемлекет қазынасына түсуі тиіс. Себебі, кедендік рәсімдеу кезінде заң бұзылған. Алайда, осы күнге дейін сот шешімі орындалмай тұр. Өйткені, қоймадағы тауар иесіне қайтпаған. Ең қызығы, уақытша тауар сақтаумен айналысатын серіктестік бүгінде жұмысын тоқтатқан. Осылайша, 3 млн. доллар тұратын дүниенің сайда саны, құмда ізі жоқ.

Әмірбек Шырбаев, «Жәрдем» Ауған соғысы ардагерлерінің одағы» ҚБ директоры, кәсіпкер:

- 30 пайыз тауар тәркіленеді деп шешім шығарды. Ал, 70 пайызын бізге қайтарады. Сол үшін 1 млн. 700 мың теңге айыппұл төледім. Тауардың бағасы 3 млн. доллар. Үкіметке баратыны 1 млн. доллар. Үкіметке ақша берілмей қалды, бізге қайтарылатын тауар да жоқ. Оған кім жауап беруі керек?

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу