Басты Жаңалықтар ШҚО-да ірі зауыттар жұмысты жеңіл әрі жедел атқаруға мүмкіндік беретін жобаларды қолға алды

ШҚО-да ірі зауыттар жұмысты жеңіл әрі жедел атқаруға мүмкіндік беретін жобаларды қолға алды

Цифрлық технология өндіріс өрісін кеңейтеді. Осы қағиданы ұстанған Шығыс Қазақстандағы ірі зауыттар жұмысты жеңіл әрі жедел атқаруға мүмкіндік беретін жобаларды қолға алды. Мәселен, мыс, мырыш, қорғасын және алтын мен күміс өндірісімен айналысатын «Казцинк» компаниясы өндірісті цифрландыру бойынша 7 жоба дайындаған. Инновациялық технологияға негізделген жоспардың біразы бүгінде іске асып, өз тиімділігін көрсетуде.

Аманбек Сүлейменовтің Өскемендегі металлургиялық кешенде жұмыс істегеніне 40 жыл. Кезінде кәсіпорынның диспетчерлік қызметін де басқарған. Қазір де сол салада. Алып өндірістегі жұмыс барысын компьютер көмегімен қадағалап отырады.

Аманбек Сүлейменов, өндірісті басқару орталығының инженері:

- Ол кезде де осы өндіріс қалай өтіп жатқанын бақылаймыз. Бірақ, телефонмен цехтарға, шеберге қоңырау шалып, біліп отыратынбыз. Қазір осы металлургиялық кешенде өтіп жатқан барлық процесстер автоматты жүйеде басқарылады.

Инновациялық технологияның арқасында қазір өндірістегі ақпараттың барлығы бір жерде шоғырланған. Бұл бүкіл зауыттар мен кеніштер үшін өте тиімді. Өндірістік-экономикалық жұмысты алдын ала жоспарлауға мол мүмкіндік береді.

Фарид Рахимжанов, өндірісті басқару орталығының ауысым бастығы:

- «PI System» жүйесі жұмыс істеп тұр. Оның көмегімен біз технологиялық процесстердің дәл қазір қалай жүріп жатқанын нақты бақылап отырамыз. Жалпы, осы мыс зауыты салынғанда жаңа инновациялық шешімдер көп қолданылған.

Компания былтыр Малеев кенішінде «Pitram» басқару жүйесін енгізген. Жаңа жоба жер астындағы техника мен адамдардың жүріп-тұруын онлайн режимде бақылауға, шахтадағы жұмыс барысын жедел біліп отыруға мүмкіндік берді. Ал, басқарушы компанияда жыл басында жаңа корпоративтік ақпараттық жүйе іске қосылған.

Максим Гайфулин, «Казцинк» ЖШС Бизнесті трансформациялау бойынша менеджері:

- Қазірдің өзінде жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Мысалы, 11 ай бұрын жеке қаржылық есепті жасап, есептік кезеңді жабуға 6 күн кететін. Ал, қазір бұл көрсеткіш жоғарылады, яғни, компания есептік кезеңді 4 күнде жабады.

Жақсы нәтиже бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға сеп болды.Енді жаңа жүйе келер жылдан бастап еншілес компаниялардың барлығына енгізілмек.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу