Астанаға газ Сыр елінен жеткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға газ Сыр елінен жеткізіледі

11.12.2018

Бүгін «Сарыарқа» жобасының бірінші кезеңі басталды. Бұл нысан Астана қаласы мен еліміздің солтүстік облыстарын газдандырады.  

«Сарыарқа» жобасы «Қараөзек» компрессорлық станциясы арқылы жүзеге асады. Бұл өндіріс орны былтыр іске қосылған болатын. Станция құбырдың газ өткізгіш мүмкіндігін арттырады. Ал, магистральдіқ құбырдың жалпы ұзындығы 1060 шақырым. Үш облыстың аумағын қамтиды. Соның 178 шақырымы Қызылорда облысына тиесілі. 

Бірінші кезеңге «Қызылорда-Астана» газ магистралінің құрылысы қарастырылған. Жоба аясында екі автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады. Жезқазған, Қарағанды және Теміртау қалалары қоса қамтылады.  

Сағидолла Мақашев, «Астанагаз КМГ» АҚ бас директоры:

- Астана қаласына дейінгі жолдағы барлық елді мекендер газ желісіне қосылады. Құбырдың жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізуге мүмкіндігі бар.  

«Сарыарқа» жобасының алғашқы кезеңі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Ол бір жылға жоспарланған. Жалпы, жоба үш кезеңнен тұрады.

Құндыз Нупов, Жобалау-инжинирингтік компанияның бас директоры:

- Бірінші кезең - Астанаға жету, содан кейін Көкшетау, Петропавл. Астанаға дейін газ құбыры жетіп жатса, 164 ауыл және қалалар газ алады.

Жалпы, жоба аясында 2 миллион 700 мың адам көгілдір отынның игілігін көреді. Құрылыс кезінде 2,5 мың, ал, іске қосылған соң 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.   

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу