Биыл «Даму» қоры тәуекел еткен 120 астаналыққа 27 млрд. теңге бөлді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Даму» қоры тәуекел еткен 120 астаналыққа 27 млрд. теңге бөлді

11.12.2018

Базар барып бағыңнан көр. Биыл «Даму» қоры тәуекел еткен 120 астаналыққа 27 млрд. теңге бөлді. Бұл туралы қордың баспасөз туры барысында белгілі болды. Сондай-ақ, елордалық 58 кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы арқылы 380 млн. теңге қарыз алған. Несие алғандар қандай кәсіп ашты?

Маржан Абулханова қордың қолдауымен шығыс жекпе-жегіне үйрететін орталық ашты. Балаларды 15 жылдық тәжірибесі бар қос қызы жаттықтырады. Қазір орталықта 50-ге жуық жеткіншек аталған спорттың әліппесін үйреніп жүр. Іскер әйел кәсібіне қажетті 6 млн. теңгені «Еңбек» бағдарламасы арқылы 6%-дық несиемен алған. Сондай-ақ, «Даму» қоры аяққа тұрып кеткенше, 6 ай жеңілдік берген.

Маржан Абулханова, кәсіпкер:

- «Дамудың» осындай көмек бергеніне өте ризамын. Мен сенбеп едім. Енді мінекей, балаларға осындай қызмет көрсетіп жатырмыз.

Бұл Азамат ашқан коворкинг орталығы. Мұндай орындар фрилансерлер, жас кәсіпкерлер пен стартап командалар арасында танымал. Бұл жер кәсіпкерлерге бағада жалға беріледі. «Даму» қоры ерекше кәсіпке жиһаз бен керек-жарақтарды сатып алуға қарыз берген.  

Азамат Қаппас, кәсіпкер:

- Коворкинг форматы көбіне шетелде, яғни, Еуропада таралған. Бізге енді келіп жатыр. Барлығы еркін жерде келіссөздер жүргізіп, істі ақылдасқанды қалайды. Бұл жұмысыма «Дамудан» 14 пайызбен қаржы алдым. Оның 6 пайызын қордың өзі субсидиялайды.

Сондай-ақ, «Astаna Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы да қолдау алды. Биыл 2 жаңа өндіріс орны ашылып, 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Қазір компанияның 5 облыста филиалы бар. 

Нұрсұлтан Абдолла, «Даму» АҚ Астана қалалық филиалының директоры:

- «Даму» қоры 1997 жылы құрылды. 20 жылдан бері кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. Соңғы уақыттарда ерекше заманауи бизнестің түрлеріне несие беріп жатырмыз. «Еңбек» бағдарламасы арқылы әртүрлі бағыттағы 50 жобаны мақұлдадық.

«Даму» қоры арқылы 2010 жылдан бері 700-ден астам кәсіпкердің ісі қолдау тапты. Ал, биыл кепіл беру арқылы 79 жобаға 1 млрд. теңгедан астам қаражат бөлінген. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады. 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу