Мәулен Әшімбаев Павлодар облысына  барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Павлодар облысына  барды

10.12.2018

«Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту мақсатында 20-дан аса жаңа жобаны жүзеге асырды. Әсіресе, «Цифрлық Қазақстан», «Шағын және орта бизнесті дамыту», «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін беруі тиіс. Павлодар облысына  барған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев іргелі жобалардың өңірде қалай іске асып жатқанын бағамдады.

Сұлтанмахмұт Торйғыров атындағы облыстық кітапхананың қорында 550 мыңнан астам кітап бар. Олардың 6 мыңы «Қазақстанның ашық кітапханасы» партиялық жобасы аясында сандық форматқа көшірілді. Яғни, енді ғаламтор арқылы шалғай елді мекен тұрғындарына да қолжетімді. Онлайн кітапхана жүйесі қосылғалы оқырмандар саны артты.

Шолпан Шахметова, С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханасының жетекшісі:

-Үш минутта оқырманды тіркеп, оқырман билеті беріледі. Сосын қажетті кітапты өз атына жаздырып ала алады.

Кітапханада коворкинг және білім орталықтары бар. Онда кітап оқудан бөлек, түрлі тақырыптарға пікірталастар мен тренингтер өтіп тұрады.  Белгілі тұлғалар дәріс оқиды.  Әлеуметтің әлеуетін көтеру - партияның басты мақсаттарының бірі. Бұл ретте тарифті арзандату, еңбекақы көтеру, халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселелері партия активімен болған кездесуде талқыланды. Басты міндеттің бірі - Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды көпшілікке түсіндіру. 

Мәулен Әшімбаев, «Нұр отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Рухани салада да біраз істерді жүзеге асырып, Тәуелсіздігіміздің рухани негіздерін ары қарай күшейтуге жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін халықпен жұмыс істеуіміз керек. Халыққа көп мәселелерді айтуымыз керек. Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз керек. Жастарға ел мүддесін, халыққа еңбек ету керектігін жақсылап түсіндіріп, осы жолда мықты азамат болуына септігімізді тигізуіміз керек.

2018 жыл «еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жарияланды. Бұған Кәсіподақтар федерациясы ұйытқы болды. Әрине, кездейсоқтықтан емес. Былтыр 1600  адам өндірісте ауыр жарақат алды.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

Биыл жұмыс орнында 240 адам қаза тапты. Бұл өте келеңсіз көрсеткіш. Бізде адамның өмірі ең негізгі байлық болуы керек.

Өндіріс өркен жайған аймақта бүгін еңбекшілер форумы өтті. «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. 

Қуат Жамалбаев, Ақсу ферроқорытпа зауытының энергожөндеу операторы:

Жұмыс беруші жағынан көптеген жағдайлар жасалып жатыр, бұл сырт киімге, денсаулықты қорғауға байланысты. Шаралар жұмысты қауіпсіз атқаруға әсерін тигізіп жатыр.

Форум соңында еңбек озаттары және Кәсіподақтар федерациясы өткізген республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу