Елімізде 1 қаңтардан бастап тариф төмендетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 1 қаңтардан бастап тариф төмендетіледі

10.12.2018

Бірдей емес, әрине. Әр өңірде әр түрлі баға бекітіледі. Бұған монополистердің қарапайым халықтың қалтасын қаққаны түрткі болған. Проблема қараша айында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінде көтерілді. Өткір сыннан кейін өтемдік тарифі енгізілген еді. Осылайша, қызметақыны арзандату арқылы тұрғындардың артық төлемі қайтарылатын болды. Төмендетілген тариф бір жыл жүреді. Бірақ, одан әрі де орынсыз көтерілмеуі қадағаланады. 

Апта соңына дейін тариф түрлері түгелімен төмендетілуі тиіс. Қазір электр энергиясын өндіру мен газдың көтерме бағасы реттелуде. Мысалы, көгілдір отын тарифі 10-20% аралығында арзандатылмақ. 

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Мазутпен істейтін станцияларға Үкімет субсидия беріп отыр. Сондықтан олардың бағасы көтерілмейді және төмендемейді. Ал, ірі станциялар тарифтерін төмендету мәселелерін қарастырып жатыр. Экономика министрлігіндегі әріптестерімізбен екі күнде бітіріп, нақты әр станцияның қандай тарифке төмендейтінін айтамыз.

Өндірушілер бағаны түсірген соң халыққа жеткізушілердің де сөйтуіне тура келеді. Жалпы, проблемаға Елбасы араласпағанда, тариф құны сол қалпы аспандап тұрар ма еді, кім білсін?! Сыннан соң монополистерді сүзгіден өткізгендей етті. Жылу, жарық пен суға тұтынушыдан шамадан тыс артық ақша алған 40 компания тарифтерді төмендетіп, іс жүзінде 30 млрд. теңге көлеміндегі ақшаны халыққа қайтармақ. Тағы 15 монополистен сондай әрекет күтілуде. Мұнымен қоймай, осының орындалуын қадағалап отыратын екі қоғамдық кеңес құрылады.

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Олар инвестициялық бағдарламаны, тарифтік сметаны, өтінімдерді, Табиғи монополия субъектілерінің есебін қарайды. Біраз құқықтары бар.

Бұл «Табиғи монополиялар туралы» заңдағы жаңашылдық болмақ. Яғни, ашықтық, жариялылық және бақылау  басты назарға алынды. Біз ең басында тариф түрлері түгел төмендетіледі деген едік. Бүгіннің өзінде 10 өңірде Пәтер иелері кооперативі, қоғамдық көлік, лифт тіпті қоқыс шығару қызмет ақысы ең азы 5%-ға дейін арзандатылды. Сондай-ақ, ұялы байланыс операторлары да ұсыныстарын білдіріп жатыр.

Нысаналы Ығыл

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу