Басты Жаңалықтар Жыл басынан бері Астанада 20 адам ашық жатқан құдықтарға құлап кеткен

Жыл басынан бері Астанада 20 адам ашық жатқан құдықтарға құлап кеткен

Бұл ақпаратты елорда әкімдігінен таратты. Осыдан екі апта бұрын ғана қаланың Қошқарбаев көшесінің бойындағы құдықтан 13 жастағы оқушының денесі табылғаны белгілі. Осы қайғылы оқиғадан кейін құдық иелерінің үстінен іс қозғалып, тергеу басталған еді. Сорақысы сол, дәл сол күні құдыққа тағы бір оқушы құлаған екен.

Құдықтың тереңдігі шамамен 3-4 метр. Ағынды су Айнұрды ағызып әкетеді. «Қанша жерден тырысқаныммен, табаным жерге тимеді», дейді балғын.

Айнұр Ерқанатқызы:

Құлаған кезде су ағып жатты. Орныма келмесем, өлем деп қорықтым.

Жақын маңда жүрген полицейлер мен тұрғындар Айнұрды құдықтан суырып алған. Оқушы дін аман. Тек, оң аяғының сіңірі созылған. Ал, құдықтың иесі «Казгерстрой» серіктестігінің өкілдері істің сотқа жетуінен қорықса керек, Айнұрдың ата-анасына ақша ұсынған. 

Салтанат Хабиқызы, айнұрдың анасы:

Үш бет қағаздары бар. Қолдарында 200 мың теңгелері бар. Біз сіздерге көмектесуге келдік деді. Мынаны алыңыз, қағазға қол қойыңыз деді. Пара беріп, сол қағазға қол қойғызғылары келді ме?! Содан кейін баламызға ешкім барған да жоқ, хабарласқан да жоқ..

«Казгерстрой» серіктестігінің өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Бір анығы, серіктестікке тиесілі құдықтарға бір күнде екі қыз құлаған. Біреуі Айнұр, екіншісі 13 жастағы оқушы ажал құшты. Айту керек, қос құдықтың арасы бар-жоғы 50 метр. Қайғылы оқиғадан кейін қаладағы ашық жатқан құдықтар шұғыл түгенделіп жатыр. «Соған қарамастан, сол жағалауда ашық жатқан 231 құдық анықталды»,-дейді, мамандар. 

Сая Сақтапбергенова, «Ikomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығының интеллектуалдық байланыс қызметінің директоры:

Ашық құдықты тапқан жағдайда оны қоршауға үш сағат, толық жабуға бір тәулік бөлінеді.

Қайғылы оқиғадан соң метал қабылдау пункттерінде бақылау күшейтілді. Қанша айтқанмен, қақпақ ұрлайтындар мен оны қабылдап күн көретіндер зауал болмай тұр. Әккі ұрылар енді бүтін қақпақты бөлшектеп сатуды үйренген. Ұсталған күннің өзінде алыпсатарлар айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмей тұр.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

 

Бөлісу