Осыдан 21 жыл бұрын ел астанасы Арқа төріне көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осыдан 21 жыл бұрын ел астанасы Арқа төріне көшті

10.12.2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру идеясын  1994 жылы жариялады. Әрине, мұндай саяси шешімге әу баста сілкіне қарағандар аз емес еді. Себебі, елорданы ауыстыру бастамасы мемлекет дамуының күрделі кезеңіне тап келді.

Дегенмен,  уақыт өте келе қарапайым халықпен бірге жоғары билік өкілдері бұл шешімнің дұрыстығына түгелдей көз жеткізді. Сөйтіп, 1997 жылы астананы Арқаға ауыстыру туралы тарихи шешім қабылданды. Көп ұзамай Мемлекеттік рәміздер Алматыдан Арқа жеріне жеткізіліп, салтанатты түрде қабылданды. Алматыдағы барлық жоғары лауазымды шенеунік жаппай елордаға қарай үдере көше бастады.

Осылайша, Құдайдан қуат сұрап, Астанаға қоныс аударған  атқарушы билік өкілдері қауырт жұмысқа кірісті. Ең әуелі елорданың кескін-келбеті дұрысталып, 1998 жылдың мамырында Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Ал, маусымда халықаралық деңгейде таныстырылымы өтті.

1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне енді. Әлемдік қауымдастық Астанамен бірге Қазақстан секілді байтақ елдің бар екенін білді. Оның қуатты әлеуетімен танысты. 

Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан су жаңа астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоспарлары жарияланды және ол дер кезінде іске асырылды. Бас қаламен бірге республиканың барлық аумағында жедел даму процесі басталды.

Төлеген Мұхамеджанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2004 ж.ж):

Батыстан, шығыстан, солтүстіктен, оңтүстіктен келген халқымыз тоғысты. Кезінде Елбасының арманы болған, бүгінде миллиондаған адамның арманына айналды. Жастар оқығысы келеді. Бүгінде әр қазақтың баласы Астанада тұруды армандайды.

Қазір Астана әлемдегі ең үздік қалалардың қатарына кірді. Дүниежүзі түгел көз тіккен ауқымды шараларды абыроймен атқарып келеді. Баршамызға мәлім Астана Саммитi, Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы, Азиада ойындары, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, ЭКСПО халықаралық көрмесі елорданың ғана емес, күллі қазақ елінің абыройын әлем алдында паш етті. Қазақстанның астанасы әлемдiк деңгейдегi саяси iрi орталыққа айналып үлгердi.

Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Елбасымыздың ісі нағыз ерлік. Кешегі Абылайхан, Қарасай батырлар жүріп өткен жер осы. Ол кісінің астананы ауыстыру туралы ерлігі кез келген адамның қолынан келмейді. Қазір міне, бүкіл халықтың көзі жетті.

Астана - жылдам дамып келе жатқан әлемдегі бірегей қала. Еліміздің саяси,  экономикалық, мәдени дамуының қозғаушы күшіне айналды. Елорданы тамашалауға келетін шетелдік туристер саны айтарлықтай артып келеді. Мұның барлығы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың нәтижесі. 

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

                                                         

Хабарламаларға жазылу