Басты Жаңалықтар Қазақстандық жастар халықаралық деңгейдегі беделді байқауға жолдама ұтып алды

Қазақстандық жастар халықаралық деңгейдегі беделді байқауға жолдама ұтып алды

4 күнге созылған Ұлттық чемпионат мәресіне жетіп, үздіктері марапатталды. «WorldSkills Kazakhstan» жұмысшы мамандықтар жарысы биыл елімізде 4-ші мәрте өткізілуде. Республикалық шарада жүзден жүйрік шыққандар келер жылы Ресейде өтетін әлемдік жарыста ел намысын қорғамақ. Жеңімпаздарды Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев және Парламент депутаттары арнайы барып құттықтады.

Мұндай деңгейдегі құрметке бөленіп, алғыстан алқа тағыну үшін бұл жастар 350-ге жуық бәсекелеспен бақ сынасты. 4 күн бойы білімі мен біліктіліктері таразыға түсті.

Олар – қазіргі еңбек нарығына аса қажет маман иелері. Бірі шаштараз, бірі аспаз, енді бірі қолына кірпіш пен қалақ ұстаған құрылысшы. Сұранысы жоғары 30 мамандықты таңдап, білім алып жатқан жастардың икемділігі мен іскерлігі байқауда сыналды. Қарағандылық Жанайым сән технологиясы бойынша үздік шықты.

Жанайым Мақсұт, Ұлттық чемпионаттың жеңімпазы:

- Тәжірибе алмастым. 1-орын алғаннан кейін, үлкен сенімділік пайда болады екен.

Жалпы, елімізде соңғы жылдары жұмысшы мамандықтың деңгейі өсіп келеді. Кәсіби, техникалық білім алуға талпынған жас буынның да қатары көбеюде. Нәтижесінде, бұрындары таңсық болған кейбір мамандық түрлерін еркін меңгерген жастар қатары молайған.

Ермек Күзенбаев, «Кәсіпқор» холдингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- IT мамандықтары көш бастап тұр. Екінші орында аспаздар. Сондай-ақ, қонақ үй әкімшісі бар. Осы мамандықтар бойынша студенттердің көрсеткіші жоғары.

Ұлттық чемпионаттың мақсаты да - осы. Жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыру, жастарға кәсіптік бағдар беру. Байқау қорытындысы бойынша 30 үміткер жеңімпаз атанды. Чемпионаттан оза шапқандар алдағы әлемдік жарысқа жолдама ұтып алды. 2 жылда бір өткізілетін халықаралық чемпионат келер жылы Ресейде жалауын көтермек.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу