Соның кесірінен орталықтан берілетін жылу 60 пайызға дейін босқа шығындалады. Қысқы маусымға қажет отынға да жыл сайын мемлекет қазынасынан миллиардтап қаржы бөлінеді. Себебі, тұтынушылар төлемі кеткен шығынның ширегін де өтеуге жетпейді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Арқалық қаласындағы мына жылу электр орталығы осыдан 60 жыл бұрын салынған. Мұндағы қазандық ең қымбат отын – мазутпен жанады. Мысалы, бір жылу маусымына қажетті мазутты сатып алу үшін 2 млдр. теңгеден астам қаржы қажет.
Мұнша шығынды тұтынушылар төлемімен жабу мүмкін емес. Сондықтан, жыл сайын қажетті қаржы республика және облыс бюджетінен бөлінеді. Жол шығынын қоса есептегенде, 1 тонна мазут арқалықтықтарға 94 мың теңгеге түседі. Ал, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жылу электр компаниясы өз есебінен жүргізеді.
Батыр Бекешев, «Арқалық жылу-электр компаниясы» МКК директоры:
- Жылу жағынан магистарльдарды 110 пайызға өзгерттік. Жоспар бойынша 380 метр болса, біз 790 метрді ауыстырдық. Су жүйесі 1 шақырым болса, біз 1200 метр ауыстырдық.
Мұның сыртында екі қазандыққа күрделі жөндеу жасалған. Барлық жұмсалған қаржы 160 млн. теңге. Қалаға жылу уақытында берілді. Қажетті 22 мың тонна мазуттың 5 мың тоннасы қазан айында әкелінген. Тағы 5 мың тоннасы қарашада жеткізіледі. Ал, көптен айтылып келе жатқан орталықты қатты отынға көшіру мәселесі биыл нақты шешімін тапқан сыңайлы. Мамандар жобаны жүзеге асыру үшін «техникалық – экономикалық негіздеме» дайындалып жатқанын айтады.
Ерлан Райысов, Арқалық қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы:
- 1 тонна мазут 80 мың теңге. Ал, 1 тонна көмір 10 мың теңге. Сондықтан, оны тиімді деп есептейміз. Жылу беретін мекеме көмірге көшсе, өзін-өзі ақтап жұмыс істейді деп сенеміз.
Орталықтың барлық құрылғысын қатты отынға бейімдеп, қайта жабдықтап шығуға қанша қаржы қажеттігі әзір белгісіз. Бір анығы, жоба жоғары жақтан мақұлданса, жүйені жаңғырту жұмысы алдағы екі жылда аяқталуы тиіс.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.