Қызылорда облысы: Тұрғындар 60 жылдан бері ащы су ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы: Тұрғындар 60 жылдан бері ащы су ішіп отыр

05.12.2018

Қызылорда облысы Арал ауданындағы Тоқабай ауылының тұрғындары 60 жылдан бері ащы су ішіп отыр. Оның өзін алыстан тасып әкеледі. Пешке жағатын отынды да аудан орталығына барып алады. Облыс орталығынан 50  шақырым қашықта орналасқан елді мекенде өзге де мәселе көп.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

Әр үйдің алдында осындай құдық бар. Бір құдық суды жұрт 1700 теңгеге сатып алады. Қыста оның бетін бүркеп, осылайша жауып қояды. Себебі, су қатып қалады.

Ақшаға келген суды жұрт үнемдеп пайдалануға тырысады. Таза суға зарыққан ауыл тұрғындарының мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді. Елді мекенде судан да бөлек проблема жетеді.

Алмасхан Ержанов, ауыл тұрғыны:

 - Автобус жоқ. Бүгін бар ма, ертең жоқ. Интернет жоқ ауылда.

Теріскейдегі ауыл жылда қыстан қысылып шығады. Саршұнақ аяздарда пештен от үзілмеуі керек. Қатты отынды ауданнан тасиды, тамызықты та там-тұмдап сатып алады.

Мерей Мейірбеков, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

- Кейде машина жалдап, 15-20 мыңмен барсақ, көмір болмай қалады. Қайтып келген күндеріміз бар. Мынау қара отынның өзін де 25 мыңға сатып аламыз. Сондықтан, түсте бір мезгіл салып, малдың тезегін жағамыз.

Өркениет игілігінен қол үзген ауыл тұрғындары осылай өмір сүруге мәжбүр. Аудан әкімшілігі мәселенің рет-ретімен шешіліп жатқанын айтады. Әбден мезі еткен жол проблемасы биыл шешімін тапқан, ендігі кезек ауызсуда дейді.

Мерей Мейірбеков, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

- Жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге облыстық бюджеттен 52 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға мемлекеттік сараптауға енгізілді.

Ауылға келер жылы су құбыры тартылуы тиіс. Бірақ, интернет пен ұялы байланыстың, қоғамдық көлік пен отын мәселесінің қашан шешілері белгісіз. Арал ауданында 58 елді мекен бар, көбісі шалғайда орналасқан. Сондықтан, интернет пен ұялы байланыстың игілігін көретін күнді бәрі асыға күтіп жүр.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу