Қоғам қайраткері Құралай Байменова сал ауруына шалдыққан азаматтарға қолдау көрсетіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғам қайраткері Құралай Байменова сал ауруына шалдыққан азаматтарға қолдау көрсетіп келеді

04.12.2018

Тағдыр тауқыметін тартса да, мойымай, тағдырластарының жайын ойлаған жан. Ақтөбелік Құралай Байменованы өңір жұрты жақсы біледі. «Сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы 20 жылдан аса уақыттан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғап келеді. Нәтижесінде облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, бүгінде жайлы өмір сүріп жатыр.

Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, бірнеше рет облыстың «Жыл адамы» атанған Құралай Байменова өзімен тағдырлас жандардың мәселесімен 90-шы жылдардан бері айналысып келеді. Содан бері бірталай іс атқарылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың баспана мәселесі шешіліп, қажетті ем-домдарын алуы да жеңілдеді. Қазір бірлестікте 1000-нан аса адам тіркелген.

Құралай Байменова, «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» ҚБ төрайымы:

- Жағдай жасалып жатыр. Әкімдік және Үкіметпен бірігіп жасауымыз керек. Үйлер, орталықтар салынып жатыр.

Құралай Байменова Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі тұрғын үйдің салынуына да ықпал етті. Нәтижесінде 73 отбасы баспаналы болды. Ал, ғимараттың төменгі қабаттары арнайы жабдықталған. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт залдары мен ем-дом алатын арнайы кабинеттер бар. Сондай-ақ, өнер мен тіл үйрететін үйірмелер де жұмыс істейді.

Темірбек Матаев, орталықтың белсенді мүшесі:

 - Біздің орталыққа ешқандай ұйым жетпейді. Қаншама жағдай жасалды. Жетістіктерге жетіп жатырмыз.Тіпті, міне, ағылшын тілін оқып, белсенді болуға тырысып жатырмыз.

Орталықта 30-дан аса адам жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, кембағал жандарға қызмет көрсетумен айналысатын екі серіктестік пен еріктілер тобы бар. Дамуында тежелуі бар балалар да назардан тыс қалмаған. Ақтөбеден бөлек, Қандыағаш, Хромтау қалаларында инватакси қызметі жолға қойылған.

Гүлмейрам Сражева, қалалық «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» ҚБ-ның атқарушы директоры

- Бірлестік жұмысының арқасында өте жақсы білікті мамандар қалыптасты. Спортшылар, қайраткерлер бар. Бұл - қоғамдық бірлестіктің кемелді жұмысының арқасы.

Қор төрайымы Құралай Байменова - ұл мен қыз өсірген аяулы ана, ардақты әже. Үйде де, түзде де қолдау білдіріп жүрген жолдасы бар. Олар қандай қиындық көрсе де, бірге күресіп, жеңе білді. Жігерлі жанның ендігі жоспарының бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған коттедж қалашығын салу.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу