Кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдер неге ыңғайсыз уақыттарға қойылады?
«Киноны қазақша көргім келеді». Бұл - қазақ тілді көрермендердің талабы. Бір топ блогер, журналист және белсенді азаматтар әлеуметтік желіде петиция жариялады. Қатары күн өткен сайын қалыңдап барады. Енді кейбіріңіз «оған кім бөгет? Көре беріңіз» деуіңіз мүмкін. Мәселенің екі ұшы бар. Тілге келгенде кім самарқау? Кинотеатр иелері ме, әлде тұтынушылардың өзі ме?
Нысаналы Ығыл, тілші:
Бэлла кинонтеатр иелеріне күйінулі. Кілтипан – тілде. Фильмдердің қазақша аудармасы бола тұра, халыққа ұсынылуы тым аз. Ұсынылғанның өзінде ыңғайсыз уақытқа қойылады. Тіпті, кейбіріне онлайн билет алғаннан гөрі, өз аяғыңмен барған оңай.
Қанша талпынса да, Бэлла балаларымен қазақ тілінде мультфильм тамашалай алмады. Олардың сұранысы «Ральф интернетке қарсы» анимациясы болатын. Бірақ, сол өнім алғашқы демалыста-ақ 125 миллион теңгеден астам пайда түсірді. Сонда кімдер көрген?
Бэлла Орынбетова, el.kz интернет-жобасының бас редакторы, блогер:
- Астанада 7-8 кинотеатр бар. Ешбірінде қазақ тілінде сеанс қойылмаған. «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінен «Chaplin» кинотеатрында сол күні 17 сеанс болды. 16-сы орысша, біреуі ғана қазақша. Біз сонда Қазақстанда тұрмаймыз ба? Қазақтілді аудитория сондай тар ма?
Барлығына ортақ әрі орынды сауал. Бұған киностудия мен тиісті министрлік «прокат жекенің қолында» деп жауап қатады. Ал, кинотеатр қожалары нарықтың заңын алға тартады. Сұранысқа қарай ұсыныс.
Қазақ тіліндегі сеанс таңғы немесе түскі уақытқа қойылған. Нәтижесінде дубляждалған дүниелердің көрсетілімі прокаттағы фильмнің 10 пайызына жетпейді. Бұған кім кінәлі? Көрсетуші ме, әлде көруші ме?
Бірақ, блогер Бэлла бастаған және ана тілдің жайына селқостық танытпай қостаған басқа азаматтар әлеуметтік желіде петиция жариялады. Талаптары қарапайым – киноны қазақша көргілері келеді. Өйткені, компания өкілдерінікі сылтау ғана, негізі қазақ тіліне жаны ашып, жарнамасын беріп тұрса, залда ине шаншар орын болмас еді деп түйіндеді.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
