Қазақстанда ұлттық тағам ұсынатын орындар аз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда ұлттық тағам ұсынатын орындар аз

04.12.2018

Бар болса, ілуде біреу ғана. Өзіміздің құнарлы ас-ауқатымыз болса да, өзгенің тағамдарына тамсанып кеткеніміз рас. Тіпті, қазақтың кейбір тағам түрлері ұмытылып барады. Бұған себеп ұсыныстың жоқтығы ма, әлде сұраныс аз ба?

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Кәсіпкер Құмар Жұмаханұлы қазақ мейрамханасын ашқандардың бірі. Алайда, көп ұзамай жауып тастап, орнына Шығыс асханасын ашқан. Өйткені, бірнеше елдің ас мәзірін ұсыну кәсіпкер үшін анағұрлым тиімді. 

Құмар Жұмаханұлы, кәсіпкер:

- Оның қиындықтары бар. Сондықтан, біз осы Шығыс асханасын ашып, ұлттық тағамдарды осында қосып жатырмыз.

Қазақстанда өзгенің асханасын ұсынатын орындар көп. Қай елдің тағамын қаласаңыз, соны табасыз. Алайда, қазақтың ұлттық асына келгенде абдырап қалатынымыз жасырын емес.

Кейбір өңірлерде ұлттық тағам ұсынатын орындар мүлдем жоқ. Шетелден күнде қонақтар ағылатын елорданың өзінде санаулы.

Бұл асханада қазақтың ұлттық тағам түрлері заманға сай қайта жаңғырған. Айталық, мына салаттың дәмдеуішіне аспаз езілген құртты қосты. Қонақтардың іздеп келіп, тамсанып жейтін дәмді тамақтарының бірі. Осы сияқты ерекше астың жүздеген түрі бар. Мейрамхананың ішкі безендірілуі де ұлттық нақышта.

Ұлттың даралығы - ұлттық тағамдармен дараланады. Қазақтың тағамдары әлемдік асханалардан еш кем түспейді. Айталық, ыстық астан бөлек, жеңіл тәттілердің өзі тіл үйіреді. Мысалы, бұл мейрамханада балмұздақтың өзінің үш түрі бар: құрттан, айраннан, шұбаттан жасалған балмұздақтар.

Қазақ мейрамханасының бас аспазы ұлттық тағамдардың көбі ұмытылып бара жатқанын айтады. Ас мәзіріндегі төл тағамдардың бірді-екілісі болмаса, келушілер көпшілігін білмейді. Ендігі екпін – сол дархан елдің құнарлы асының көп түрін қайтадан жаңғыртып, әлемдік брендке айналдыру.

Артем Канцев, бас аспаз:

- Мен қазақ асханасын әлемдік деңгейге шығарғым келеді. Оны білу керек, құрметтеу керек. Ол үшін атқарылатын іс көп. Қазақ даласында пайдалы шөптердің көп түрі өседі. Оларды асқа қосып, ерекше тағам дайындауға мүмкіндік мол. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Демек, өзгенің емес, өзіміздің өнім де ерек. Тек сол дәмдісі мен тәттісін ұсынатын ұлттық асханалар көбейсе игі. Сонда ғана келген қонақ шетелдің тағамын таңсық қылмай, қазақтың асын тамсанып жейтін еді.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу