Басты Жаңалықтар Хиуаз ауылында жол салып жатқанына 8 жыл болды

Хиуаз ауылында жол салып жатқанына 8 жыл болды

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылында 8 жыл бұрын басталған жол құрылысы әлі бітер емес. Жаз айларында ауыл іші шаң-тозаңға айналса, жаңбыр жауған кезде батпақтанып, жүріп-тұру мүлде қиындайды. Созбалаңға салынған жоба қашан аяқталады? Жауаптылар не дейді? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.

Хиуаз ауылында 560 үй мен 3000-нан астам тұрғын бар. Олар құрылыс бірнеше рет басталып, кейін тоқтап қалғанын айтады. Соның салдарынан жол сапасы сын көтермейді. Көлік қатынасы қиындап, жедел жәрдем мен басқа да қызметтердің ауылға жетуі мұңға айналған.
Серік Сапарғалиев, Хиуаз ауылының тұрғыны:
Біз қуандық мә-ә жол басталайын деп жатыр деп. Мәз болып. Бірақ мәз болғандағы мынау ғой, енді 7-8 жылға созылып кетіп, халықтың көңілін түсіріп жіберді.
Көп жылдар бойы тұралаған құрылыс биыл қайта жанданды. Мердігер жобаның сиырқұйымшақтануына бірнеше себеп бар дейді. Ковид індеті және жобалық-сметалық құжаттамадағы өзгерістер құрылыс қарқынына кері әсер еткен.
Наурызбек Сабыров, мердігер мекеме өкілі:
Мамыр айының соңына дейін 3 шақырым жолды тапсырамыз деген ойдамыз. Әрі қарай жұмысымыз жалғасын таба береді. Бұйырса 2027 жылдың желтоқсан айында толық тапсырамыз деген жоспардамыз. Түгел 22 шақырым жолды.
2019 жылы жоба құны 1 млрд 600 млн теңгеге бағаланған. Кейін 2025 тегі түзетуден соң 6 млрдтан асқан. Бұл қаражатқа жалпы ұзындығы 22 шақырым жол мен 7 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселуі тиіс.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Хиуаз ауылында жолдан бөлек көпірлер мәселесі де өзекті. Ауыл ішіндегі екі өткелдің ені тым тар. Бір мезетте бір ғана көлік өте алады. Егер екеуі қатар келсе біреуіне күте тұруға тура келеді. сондықтан 8 жылдан бері аяқталмаған жол мен тар көпірлер тұрғындардың тұрмысын қиындатып отыр.
Руслан Сиражов, аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бқлімінің басшысы:
Қазіргі таңда өзіңіз көріп тұрсыз тұрғын үйлер жақын, мекемелер жақын. Сол себептен мемлекеттік сараптама оң қорытындысын бермей отыр.
Осылайша, сегіз жылға созылған жол құрылысы биыл қайта қарқын алғанымен, түйткіл толық шешілді деуге әлі ерте. Жауаптылар 2027 жылдың соңына дейін толық аяқтауға уәде беріп отыр. Ал жалпы облыс бойынша былтыр 250 шақырым жол жөнделді. Бұған облыстық бюджеттен 51 млрд, республикалық бюджеттен 7 млрд теңге жұмсалған.


Бөлісу