Астанадағы ірі сауда орталығында 150 оқушы күй орындады
Айтулы мерекеге орай, Астанадағы Халықаралық мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектебі ерекше сый жасады. Олар тұрғындар көп жиналатын ірі сауда орталығында домбырашылардың флэшмобын өткізді. Домбыраны таңдаулары да бекер емес. Балалар осы әрекеттері арқылы ұлттық құндылығымызды насихаттап, қазақтың бас музыкалық аспабын дәріптемек. «Ұлы дала мұрагерлері» деп аталған мерекелік жиынға 150 оқушы қатысты. Қазақтың қара домбырасының құлағында ойнаған жеткіншектер әйгілі «Балбырауын», «Тепең көк», «Қосалқа» және тағы басқа танымал күйлерді күмбірлете ойнады. Білімді де, өнерлі оқушылар осылайша қазақтың құдіреті мықты күйлерін орындап ойын-сауық орталығын дүр сілкіндірді. Қала тұрғындары талантты жасөспірімдердің өнеріне тамсана қарап, қошемет көрсетті.
Данагүл Дәріс, Астана қаласындағы халықаралық мектептің баспасөз хатшысы:
- Негізінен бұл жыл сайын жүзеге асатын іс-шара. Дегенмен, бұл іс-шараның биылғы ерекшелігі Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Осы орайда, Президент күнімен құттықтаймын! Алдағы уақытта осындай рухани шаралар өткізіліп, балаларға оң септігін тигізеді деп есептеймін.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы