Басты Жаңалықтар Жамбыл облысына су жетіспегендіктен диқандардың он жылдан бері мазасы қашып жүр

Жамбыл облысына су жетіспегендіктен диқандардың он жылдан бері мазасы қашып жүр

Жамбыл облысы егін салуға қолайлы аймақ. Алайда, су жетіспегендіктен, диқандардың он жылдан бері мазасы қашып жүр. Бұған себеп, көрші Қырғызстаннан бастау алатын ағын судың азаюы. Бұл туралы Бішкекте өткен трансшекаралық кіші өзендер мәселесіне арналған ауқымды басқосуда айтылды. Орталық Азия елдері мен Ауғанстан өкілдері су ресурстарын тиімді игеру тетіктерін талқылап, түйткілді шешу жолдарын қарастырды.

Қазақ-қырғызға ортақ кіші өзендер бар. Солардың бірі - Күркіресу. Бұл Қырғызстанның Алатауынан бастау алады. Десек те, осы Күркіресу сағасының бойындағы Жуалы ауданының бірнеше ауыл диқандары су дауынан әбден шаршапты. Олар он жылдан бері қуаңшылықтың кесірінен суармалы жерлеріміз әбден сұрқайланып бітті деп отыр.

Жарылқасын Тәжіқан, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Кеңес одағы құлағалы бері Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы шекараға сым темір тартылды. Содан бері он жылдай уақыт болды, Қырғызстаннан су ала алмай отырмыз. Себебі, Қырғызстан мемлекетінен Күркіресу өзені арқылы су берілмей жатыр.

Ал, қырғыз ағайын бізге су бермейміз деп отырған жоқ. «Өзімізден артылса, өзен үшін талас тудырмаймыз», дейді олар. Мамандардың сөзінше, тек әуелі кіші өзен бассейндерінің суөткізгіштік әлеуетін күшейту қажет. Алдымен, арнасын кеңейтіп, тазартса, су ағыны тоқтамайды, тіршілік тұраламайды.

Мээрбек Орозбаев, Күркіре кіші бассейіні кеңесінің төрағасы:

- Арамыз жақын болса да 2000 жылдары шекарада шектеу болды. Бірақ, істер баяғыдай жүріп тұрады.

Бүгінде Орталық Азия елдері аймағында 200-ден астам кіші өзен бар. Сондықтан, бұл мәселе Қазақстан мен Қырғызстаннан өзге, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан үшін де өзекті. Су жүйесіндегі инфрақұрылымның тозуы, есептің жүргізілмеуі, технологиялардың ескіруі сияқты түйткілдерді жергілікті деңгейде шешіп, тиімді тетіктерді табу қажет. Ал, бұған Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталықтың мамандары көмек көрсетуге әзір.

Екатерина Стрикелева, Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталықтың менеджері:

- «Смарт су» жобасы АҚШ-тың ЮСАЙД агенттігінің қолдауымен іске асып отыр. 2015 жылы басталды. 2020 жылдың соңына дейін жалғасады. Осының аясында кіші трансшекаралық өзендердің түйткілді мәселелеріне жауапты мамандар мән беріп, шешу жолдарын қарастырады. Біз тек олардың өзара пікір алмасып, зерттеу жұмыстарын тиімді жүргізулеріне көмектесеміз.

Осы экологиялық орталықтың мамандары 2012 жылдан бері кіші өзен бассейндерінің кеңесін құруға белсене араласып келеді. Олардың құрамына диқандар мен фермерлер, азаматтық қоғам өкілдері және өндірушілер кіреді. Әр саланың жілігін шаққан жандар инвесторлар мен бизнесмендерді тарту мәселелерін шешуге күш жұмсайды.  

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу