Оралда көпқабатты үйдің қабырғасы сөгіліп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда көпқабатты үйдің қабырғасы сөгіліп тұр

30.11.2018

Оралдың қақ ортасындағы 9 қабатты үйдің қабырғасы сөгіліп, кірпіші үгіліп тұр. «Баспанамыз құлауға жақын» деп тұрғындар дабыл қағып отыр. Жалпы, қалада 44 апатты үй бар. Олардың мәселесі қашан әрі қалай шешіледі?

Қабырғасы жарылып тұрған үй 80 жылдары салынған. Аса ескі де емес. Ал, тұрғындардың айтуынша, жарықшақ он жыл бұрын пайда болған. Жертөледен кеткен сызат жыл сайын ұлғайып барады.

Мария Громова, тұрғын:

- Жертөле үнемі суға толып тұратын. Мына жердің бәрі су болды. Бәлкім, содан үй бір жағына қарай қисайып, жарық пайда болған шығар.

Сызаттың неден түскені белгісіз. Қауіпті үйге Тұрғын үй инспекциясының мамандары өлшем белгілерін қоюға кіріскен.

Миржан Нұртазиев, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Белгілер бойынша Пәтер иелері кооперативі мен мамандар күнделікті қадағалау жүргізеді. Оған қоса, қазір комиссия құрылуда. Құрылған соң пәтерлер тексеріліп, тұрғындармен бірге жұмысқа кірісеміз.

Ал, мына үйдің салынғанына ғасырдан асқан. Әбден сұрқы қашқан. Төбесі тесіліп, есік-терезелері опырылып тұр. Құзырлы орган бұл үйді бағдарлама бойынша жөндеп бермек. Бірақ, апатты деп танылмаған. Бұған тұрғындар келіспейді.

Гүлмира Мәжитова, тұрғын:

- Жөндеуден не пайда? 15-20 жылға созып, ақшасын төлейсіңдер дейді. Төлейміз, бірақ, қабырғалары құлайын деп тұр. Үйдің іші де, сырты да, есіктер де құлайын деп тұр.

Үйді апатты деп тану үшін тұрғындар жеке фирмаларға өтініш жазған.

Жұбан Жұмағалиев, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі секторының бас маманы:

- Апатты үй деп танылған жағдайда өз тізімімізге аламыз. Инвесторлармен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принципіне қосу жүргізіледі.

Оралда осындай 44 апатты және 200-ден астам ескі үй бар. Тозған үйлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жөнделуде. Соңғы жылдары 11 үй бұзылды. Орнына басқасы салынып, тұрғындар көшірілді. Ескі үйдің тұрғындары да жаңадан дәмелі.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу