Металлургтер сыйы. Бүгін Павлодар облысы Ақсу қаласында қалдықтарды өндейтін шағын зауыт іске қосылды. Жаңа кәсіпорын ферроқорытпа зауытының өндіріске жарамсыз өнімін кәдеге жаратады. Жылына 1 млн.тонна қалдық өндеуге қуатты. Ең бастысы, бұл шағын шаһардың индустриалдыэкономикалық аймағында алғаш салынған кәсіпорын.
Ақсу ферроқорытпа зауытындағы қалдықтардың 60 пайызынан өндіріске қажетті металдар алуға болатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бірақ, соған сәйкес технология болмағандықтан, ысырапқа жол берілді.
Болат Аманбаев, тілші:
- Бұл кешенде шикізаттың өндіріске қолдануға жарамайтын тозаңы өңделеді. Ай сайын шамамен 80 мың тонна қалдықтар қайта еленіп, одан алынған темір концентраты өндірістік мақсатта пайдаланылатын болады. Яғни, экономикалық және экологиялық тұрғыдан да пайдалы.
Кәсіпорын толық іске кіріскен соң айына 160 мың тоннаға дейін қалдық өндіреді. Әзірге мұнда 60 адам тұрақты жұмысқа қабылданған.
Азамат Еденов, компрессор операторы:
- Біздің жұмыста барлық жағдай жасалған. Экологиялық тұрғыдан еш қауіпті емес, жұмыс жағынан да қауіп жоқ. Тұңғыш Президент күніне ашылып отыр. Сол бізге қосымша дем береді. Айлығымыз жақсы, уақытылы төлеп отырады.
Шағын қала Ақсуда өз индустриалды-экономикалық аймағы бар. Жаңа кәсіпорын сол аумақта ашылды.
Балғабай Ыбыраев, Ақсу қаласының әкімі:
- Электр энергиясы жүйелерін тартқаннан кейін бұл арада электр қуатының тарифі 2 есе арзан болады. Суы, кәріз құбырлары, жолдары бар. Барлығы жасалған.
Инженерлік инфрақұрылымы мемлекет тарапынан жасалғандықтан, кәсіпкерлер тартынған жоқ. Кәсіпорынға ең соңғы үлгідегі қалдық өңдеу технологиясы орнатылды.
Станислав Головин, кәсіпорын директоры:
- Индустрия 4.0 экономиканы дамыту бағдарламасы бойынша барлық талаптарға сай болуға тырыстық. Біздің мақсатымыз - қалдықсыз өнім шығару. Сондықтан, Қазақстан Республикасындағы металлургия алыбы жанынан еншілес кәсіпорын ретінде жұмысты бастап жатырмыз.
Тағы бір ерекшелігі, жаңа кәсіпорын ел дамуының ертеңі индустриалды-инновациялық бағдарламаға иек артқан. Сондықтан, қуатты өндіріс ошағына айналарына күмән жоқ.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.