Басты Жаңалықтар Шетелдік дипломаттар мен инвесторлар Елбасының туып-өскен жеріндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап көрді

Шетелдік дипломаттар мен инвесторлар Елбасының туып-өскен жеріндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап көрді

Тұңғыш Президент күні қарсаңында шетелдік дипломаттар мен инвесторлар Елбасының туып-өскен жеріндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап көрді. Олар кешеннің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, әлемнің әр қиырынан келген меймандар Мемлекет басшысы ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы туралы ойларымен бөлісті. Себебі, маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді осы өлкетану музейінің мамандары іске асыруға кірісті.

Алдымен дипломаттар мен инвесторлар Қарасай ауданының инвестициялық әлеуеті туралы кеңінен мағлұмат алды. Осыдан кейін шетелдік меймандар аймақтың өткен тарихын білгісі келетіндіктерін жеткізді. Себебі, оларды Елбасы ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қызықтырған. Олар маңызды құжатта көрсетілген байырғы өркениеттің ошақтарын аралады.

Евгений Бобров, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Бас консулы:

- Шамалған ауылында дүниеге келіп, Қазақстанды әлемге танытқан Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы бізді қатты толғандырды. Өйткені, Президенттің ата-бабалары тұрған аймақ расында ғажап екен. Жуырда ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланы оқығаннан кейін түркі халықтарының тарихына қызығушылығым күшейді десем болады. Енді Жетісудың басқа да жерлерін аралап көрсем деген жоспарым бар.

Дипломаттар үшін таңсық дүние ежелгі сақ, ғұн, түркілердің тарихы. Сондықтан, Мемлекет басшысы тарихи бағыттағы зерттеулерді сол байырғы өркениетке бұруды меңзеген.

Чжан Вэй, ҚХР Қазақстандағы Бас консулы:

- Мақаланы оқып шығып «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы деп түсіндім. Себебі, Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұнда тарихи сананы жаңғырту үшін өткенді қайта тірілту идеясын көтеріп отыр. Бұл қазақ жеріндегі мыңдаған жылдық өркениеттің қайта зерттелуіне жол ашады деген сенімдемін. 

Енді жергілікті билік өкілдері өлкетану саласындағы жұмыстарға ден қойып, Алатаудың құйқалы баурайындағы киелі жерлерді анықтау үшін ғалымдарға көмектесетіндігін жеткізді. Себебі, Қарасай ауданында әлі күнге дейін тереңінен зерттелмей жатқан тарихи орын көп.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу