Башқұртстан Республикасында 4 мыңдай қазақ тұрады. Осы қандастарымыздың тілі мен ділін, салт-дәстүрін сақтауға Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі көмектесуге дайын. Бұл туралы Уфа қаласына арнайы сапармен барған Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулы Еркін Тұқымов мәлімдеді. Дипломат Башқұртстан астанасындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен және сол елде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Басқосуда Бас консул елімізде болып жатқан оң өзгерістер мен мемлекеттік бағдарламалардың барысын баяндап берді.
Жиын кезінде Астана мен Уфа қаласын жалғайтын көлік инфрақұрылымы жайы, шетелде оқитын жастарды жұмыспен қамту мәселесі және қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсету туралы сөз болды. Кездесудің соңында қазақ дипломаты, жергілікті қазақтардың «Ақ бата» ұйымына бірқатар оқулықтарды сыйға тартты.
Ілияс Сағымбек, Башқұрт Мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:
- Кездесуде осындағы қазақ студенттерін және қазақ диаспорасын қызықтырған мәселелер көтерілді. Ол Қазақстанмен әуе рейсін ашу және осындағы қазақтың тілін, мәдениетін дамыту туралы сұрақтар және Қазақстан мен Башқұртстанның байланыстарын күшейту туралы сұрақтар қойылды. Ол мәселелер шешіледі деген үміттеміз.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.