Баспанасы жанып кеткен отбасы көмекке мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баспанасы жанып кеткен отбасы көмекке мұқтаж

29.11.2018

Алматы облысы, Қарасай ауданының Іргелі ауылдық аумағы Көксай елді мекенінде жеке үй өртеніп, шаңырағы ортасына түсті. Кешігіп жететін өрт сөндіру қызметіне ауылдықтардың өкпесі қара қазандай. Ал, бес баласымен далада қалған Құттықбаевтар әулеті құтқарушылар Қаскелеңнен емес, Алматыдан келсе, үйімізді сақтап қалуға болатын еді, деп қамығады.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Кәмшат Тәжібаеваның қарашаның қара суығында үйі отқа оранған. Сондықтан, алты баласының ертеңін ойлаған ананың жүрегі қан жылайды. Сырттай сыр білдірмесе де, әкесі тірнектеп жинаған дүниесінің бір сағатта күл болғанына күйінеді.  

Кәмшат Тәжібаева, Көксай ауылының тұрғыны:

- Не істеймін? Білмеймін. Көмек болса... Құжаттардың бәрі жанып кетті, үйдің құжаттары да.

 

От баспананың кіре берісінде енді тұтанғанда үй иелері әуелі Алматыға 104 нөміріне 13:27-де, артынша 101 нөміріне қоңырау шалған. Диспетчер Алматы облысына сілтеген. Сонымен, ортақ жүйесі жоқ жедел қызмет көрсету орталығы ауылдың қайда тиесілі екенін асықпай анықтағанға дейін, баспана түгел отқа оранған.

Айтуған Өтепов, Қаскелең қаласы өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

- Алматы қаласы хабарлама түскен кезде неге жібермегендерін білмеймін. Әрине, Алматыдан келсе, тез өшіріп, ауыздықталар еді. 

 

Жалпы, Көксай ауылындағы қызыл жалын шарпыған үй Алматыға біртабан жақын. Мегаполистегі №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 11 шақырым жерде орналасқан. Тақтайдай тегіс жолмен 10 минутта жетіп үлгереді. Ал, Қаскелең елді мекеннен 22 шақырым қашық жатыр. Кептеліспен 38 минутта жетуге болады. Тұрғындардың сөзінше, өрт сөндірушілер 80 минутта зорға жеткен.

 

 

Саят Байсылбаев, Алматы облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

- Сағат 14:00-де жоғарыда аталған адрес бойынша бірінші бөлімше жеткен. 

 

Тілсіз жаудан зардап шегушілер төтеншеліктер Қаскелеңнен емес, Алматыдан келгенде, отты өшіруге мүмкіндік бар еді, деп налиды.

Тәртіпке сай, 5000 тұрғынға бір өрт сөндіру бөлімі қажет. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықтағы Іргелі округінде 26 мың жан саны бар. Тұрақты тіркелмеген тұрғындар 40 мыңға жуық. Мегаполиспен шекарадағы Көксай ауылының тұрғындары осы санатқа кіреді. 50 мыңнан аса адам өмір сүретін Іргеліде өрт сөндіру бөлімі атымен жоқ. Сондықтан, мыңдаған адамның қауіпсіздігі қарастырылмаған. Алайда, өрттің себеп-салдары сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ. Ал, қарашаның қара суығында бес баласымен далада қалған ана қайырымды жандардан көмек сұрайды.

Банк есепшоты:

HALYK BANK

6233 5710 0618 2204

KAMSHAT TAZHIBAEVA

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу