Алматы облысында 7 жылда 40-қа жуық сервистік дайындау орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 7 жылда 40-қа жуық сервистік дайындау орталығы ашылды

28.11.2018

«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолға алған бұл жоба ауыл шаруашылығын кооперациялауға бағытталған. Мемлекет лизинг тәртібімен заманауи техника алып береді. Сервистік орталықтар ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, оларға ерте көктемнен күзгі жиын-терімге дейін қызмет көрсетеді. Биыл бұл жұмыс қарқынды жүріп, еңбек өнімділігі 1,5 есеге артты.

Осыдан үш жыл бұрын Ескелді ауданындағы үш ірі шаруа қожалығы негізінде «Сырымбет» севистік-дайындау орталығы құрылды. Құрылтайшы қатарында Айдын Дүйсенбинов та бар. Бұл орталықтың негізгі бағыты қант қызылшасы. Биыл 20 мың тоннадан астам тәтті түбір өндіріп, зауытқа өткізді.

Айдын Дүйсенбинов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- 2016 жылы 60 гектарға қызылша егуді бастадым. Содан өнім алып, 2017 жылы 110 гектар ектім. 2018 жылы 210 гектар. Биыл да өнім жақсы болып жатыр.

Орталыққа 157 млн. теңгенің 11 дана әртүрлі техникасы алынды. Барлығы да қант қызылшасын өндіруге арналған.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Бұл комбайн 2016 жылы Германиядан әкелінді. Қуаттылығы тәулігіне 15 гектар. Биылғы маусымда жалғыз өзі 500 гектар жерден өнім жинады. Қазір жөнделіп, тазаланып, майланып, келесі жылға дайын тұр.

Алматы облысында сервистік-дайындау орталықтары қант қызылшасынан бөлек, жүгері, картоп және дәнді дақылдар бағытында жұмыс істеуде. Бәрінде де заманауи, жаңа техника. Облыс бойынша 250 шаруа қожалығы осы ауылшаруашылық құрылымы негізінде топтасты. 700 тұрақты, маусымдық 2500 жұмыс орны ашылды.

Марат Асанов, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директоры:

- Алдағы уақытта біз дәл осы қант қызылшасы бағытында тағы да бірнеше сервистік дайындау орталықтарын ашуды көздеп отырмыз. Осы жерде айта кету керек, облыста құрылған 39 орталықтың 24-і қант қызылшасын өндіруге бағытталған.

Жетісу өңірінде жеті жылда 7,7 млрд. теңгеге ауылшаруашылық техникасы алынды. Шаруалардың алды лизингтік борышын өтеп бітіп, техниканы меншігіне өткізген. 

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу