Басты Жаңалықтар Елімізде майлы дақылдар өндірісін дамытуға ғылыми негіз қажет

Елімізде майлы дақылдар өндірісін дамытуға ғылыми негіз қажет

Еліміздің өсімдік майы өндірісінде әлемдік деңгейге көтерілуіне күмән жоқ. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне үлкен көлемдегі экспортқа шығуға мүмкіндік болғалы тұр. Салалық конференцияға қатысқан халықаралық сарапшылар солай дейді. Ал, жалпы майлы дақылдарды зерттеп, оны терең өңдеу арқылы өнімді әртараптандыруға болады. Мысалы, косметикалық немесе техникалық салаға таптырмайтын олжа. Бірақ, бұл ғылыми ізденісті қажет етеді.

Майлы дақылдарды өсіріп, өңдей білсе, пайдасы мұнайдан аз емес. Бірақ, бізде ұланғайыр жердің ұлтарақтай бөлігі ғана игеріледі. Күнбағыс, зығыр, соя, рапс, мақта мен арыш өсімдіктерінің жалпы егіс алқабы -  12%. 2,4 млн. гектардан астам аумақ.

Дэвид Джексон, әлемдік сарапшы:

- Өсімдік майларының көлемі жөнінен әлемдік деңгейдегі үлесі тым төмен. Бірақ, бәсекелестік қабілеті аса жоғары. Ауыспалы алқаптар жетерлік. Өсімдік майларын шығынсыз өсіруге мүмкіндік бар. Осы жақтарын ескерсек, өзгелерден гөрі ұтатын тұстары мол. 

Дэвидтің дерегі мынау. 2020 жылға қарай пальма майы айтарлықтай азаяды. Себебі, пальманың отаны – Малайзия мен Индонезияда өндіріс қуаты баяулауда. Демек, тауардың таралуы да бұрынғыдай болмайды. Міне, Қазақстан осы мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс. Сапалы май түрлерін Қытай мен Үнді сияқты ірі нарыққа шығаруға кедергі жоқ. Ал, Орта Азияға тасымалданып жатыр. 

Сандуғаш Шынбекова, май шығару компаниясының бөлім басшысы:

- Біздің компания 5 түрлі дақыл өндіреді. Ол мақта, күнбағыс, рапс, мақсары және соя. Жылына 30 мың тонна май, 50 мың тонна күнжара және 7 мың тонна кір сабын шығарамыз. Оның 70 пайызы экспортқа шығарылады.

Бұл майлы дақылдардың бәрі де керек, бірақ, ішінде ерек түрі бар. Еліміз арыштың көл-көсір пайдасын ескермеген соң көптеп өсіруге ден қоймаған. Арыш қызғылт-сары түсті саңырауқұлақтың атауы. Немістер сол өсімдік өндірісі үшін бізге әдейі келген. Себебі, ол тамақтан басқа, мотордың жағармай қоспасы, тіпті ұшаққа синтетикалық әуе керосині үшін де кәдеге асады.

Раиса Штейник, экспорттаушы:

- Біз 2-3 формасын ұсынамыз. Оның бірі кооператив. Яғни, бірнеше өндіруші арыш кластерін көтеруге күш салады. Егер арышты терең өңдеп әртараптандырар болсақ, бағасы қымбаттайды. Тауар түрлері артады. Агросалада бұған көп мән бермейді. Бірақ, пайданың көзі ғой.

Пайдасын білген Ресей арыш алқабын бүгінде 300 мың га жеткізді. 2010 жылы 20 мың га-ға жетпейтін. Америка болса, арыш майының бір тамшысын зая етпейді. Олар 8 штатта тозған жерлерін сол саңырауқұлақ майымен тыңайтқан. Ал, майлы дақылды даласы бар отандық мамандар пайдасын шетелдік әріптестерінен естіп-білуде. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу