Ақтөбедегі кәсіпорындар жұмыскерлерінің жалақысын өсірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі кәсіпорындар жұмыскерлерінің жалақысын өсірді

28.11.2018

Ақтөбе облысында мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің жалақысы 32 пайызға көбейеді. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік саласы мен құрылыс компаниялары да жұмысшылардың айлық табысын арттыруға әзір. Қазір өңірдегі 278 мекемеде 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын мыңнан астам адам бар.

Көпір құрылысымен айналысатын «Транс мост групп» серіктестігінде 150 адам еңбек етеді. Ұжым биыл үш көпір салып, бюджеттен бөлінген 2 млрд. теңгені толық игерді. Серіктестік келер жылы да мемлекеттік сатып алу бойынша тендерге қатыспақ. Ол кезде жұмысшылар саны екі есеге көбейеді. Қазірдің өзінде мұндағы орташа айлық 130 мың теңге.

Төлеген Таңатаров, ЖШС бас директоры:

- Тағы да 10 пайызға, кейін одан да жоғарыға өсіреміз. Жұмысшыларымызға басқа да әлеуметтік жәрдемдер береміз. Біз жақсы жұмыс істейтін адамдарды бағалаймыз.

Тұрғын үй құрылысымен айналысатын «Ақтөбе сәулет» серіктестігі де құрылысшылардың жалақысын өсірмек. Жылына 50 мың шаршы метрге дейін көпқабатты тұрғын үй салуға қауқарлы мекеме басшылығы осындай уәде беріп отыр. 

Нұркен Тұрбаев, ЖШС құрылтайшысы:

- Бізде орташа жалақы 85 мың теңге шамасында. 675 қызметкеріміз бар. Бұл жыл бізге сәл қиындау болды. Соған қарамастан, жаңа жылдан бастап қызметкерлердің айлығын 10-15 пайызға өсіруге дайынбыз.

Өңірдегі мұнай-газ және өндіріс салаларындағы 22 кәсіпорынның төрт мыңнан астам еңбеккерінің де жалақысы орта есеппен 7 пайызға өсетін болды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегілердің де айлығы артады.

Гүлкәсима Сүйінтаева, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Облысымыздың мемлекеттік мекемелеріндегі 32 мың қызметкердің төмен жалақысы артады. Ол үшін республикалық бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлінетін болды. Нәтижесінде қызметкерлердің айлығы 32 пайызға көтеріледі. 

Бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығы олардың біліктілігі мен санатына сәйкес төленеді. Жалпы, өңірдегі кәсіпорындар әр еңбеккердің табысы қанша пайызға көтерілетінін айқындауы тиіс. Ол үшін басшыларға нақты тапсырмалар берілді.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу