Шығармашыл жастарға арналған тағы бір беделді байқау жарияланды. «Ұлы дала» атты бәйгені «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы тағайындап отыр. Онда Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған құндылықтар мен идеяларды насихаттайтын жұмыстарға басымдық берілмек. Байқауғы биыл жарық көрген жұмыстар қатыстыралады.
Елімізде шығармашылық адамдарының бірнеше республикалық және халықаралық байқаулары бар. Енді оған «Ұлы дала» атты жаңа бәйге қосылды. Бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында іске асады. Байқау проза, поэзия, драматургия немесе көркем фильм мен сериалдар сценариі, публицистика және балалар шығармашылығы сияқты бес аталымнан тұрады. Әр аталымда үш жүлде бар. Бірінші орын 1,5 млн., екінші орын 750 мың, үшінші орын 500 мың теңге.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Елбасының мақаласында айтылған басымдықтарды, жобаларды жүзеге асыруға зиялы қауым, мемлекеттік емес ұйымдар және саяси партиялардың қатысқаны өте орынды деп есептейміз. Осы шара арқылы бір жағынан қоғамымыздың рухани жаңғыруына жұмыс істейтін еңбектерді, екінші жағынан тарихымыздағы ұлы тұлғалардың өмірін, істерін дәріптеуге арналған туындыларды қолдап, өзіміздің үлесімізді қосамыз деп сенеміз.
18 бен 40 жас аралығындағы ақын-жазушылардың туындыларын қабылдау жақын арада басталады. Ал, байқаудың жеңімпаздары қаңтар айының 15 күні анықталады. Қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлық иегерлері мен беделді ақын-жазушылар бар.
Төлен Әбдік, жазушы, қоғам қайраткері:
- Берілген материалдар есеп үшін емес, тереңірек зерттеліп, ғылыми негізде берілсе, пайдасы өте үлкен.
Байқауда әлеуметтік желіде жаряланған үздік материалдар да назардан тыс қалмайды. Партия төрағасының бірінші орынбасары мұны ерекше екпінмен айтты. «Ұлы дала» республикалық байқауы дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.