Астанада алғаш рет қолөнершілер форумы ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада алғаш рет қолөнершілер форумы ұйымдастырылды

26.11.2018

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қолөнершілер үшін үлкен серпіліс болды. Өйткені, қолөнер бұйымдарын көрмелерден ғана көреміз. Өнімін тұтынуды қалта көтере бермейді. Ал, Елбасы мақаласында ата дәстүрді жалғастырушыларға қолдау көрсету тапсырылған болатын. Соның аясында Астанада алғаш рет қолөнершілер форумы ұйымдастырылды.

Әуес Сағынаева он саусағынан өнер тамған шебер. Маңғыстау өңірінің тұрғыны бүгінде ұмыт болып бара жатқан тоқыма өнерін жаңғыртып жүр.

Әуес Сағынаева, қолөнер шебері:

- Шындығын айтайық, осы іспен айналыспай қалдық. Содан кейін қолөнер шеберлері одағының ықпалымен бәрі жаңғырып бастады.

Қолөнершілердің қай-қайсысы да бұл кәсіп ата-бабамыздан дарыған дегенді айтады. Олар табысы аз салада қанмен келген қасиетке адал болғандықтан жүр. Әйтпесе, талантты кәсіппен ұштастыруды біледі. «Бірақ, мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілмейді», - дейді.

Ұлттық сувенирлерімізді ұлықтап жүрген Мұхтар Шаймұханбет те ата кәсіпке адал. Қайын ағашынан қазақтың домбырасын ойып, шағын қобдиша ретінде кәдесый дайындайды.

Мұхтар Шаймұханбет, қолөнер шебері:

- Қобдишаның сыртына шет тілінде домбыра туралы ақпарат жазып қойдық. Өзге елдің азаматы осы арқылы ұлтымыздың мәдениетіне бір табан жақындай түседі. Аспаптың құдіретін түсінетін болады. Жалпы, біздің бұйымдарға деген қызығушылық жоғары.

Табыссыз шаруаның қашан да шет қалатыны белгілі. Бүгінде елімізде 700-дей қолөнер шебері бар. Елбасы мақаласы жарияланған соң, Астанада алғаш рет қолөнершілердің форумы ұйымдастырылды. Шара еліміздегі қолөнершілікті шағын бизнес ретінде дамытуды көздейді.

Қарлығаш Алтаева, «Атамекен» ҰКП Туризм департаментінің директоры:

- Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнес» деген бағдарлама бар. Сол бойынша қолөнершілер бизнес жобасын қорғап, 18 миллион теңгеге дейін ақша ала алады.

Көрші Өзбекстанда 27 мың қолөнерші бар. Олар жұмыс беруші болып есептеледі. Яғни, халықты жұмыспен қамтиды. Салықтан да босатылған. Қазақ қолөнершілері әзірге мұндай қолдау көріп отырған жоқ. Алайда, Елбасы бастамасы бұл салаға өзгеріс алып келері сөзсіз.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу