Республикалық ономастикалық комиссия Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданын Бәйтерек ауданы деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов айтты. Ауданның атауы ресми өзгеруі үшін енді тиісті қаулы шығуы тиіс. Облыс басшысының мәліметінше, өңірде 80-ге жуық ұлт өкілі тұрады. Оның 75 пайызы қазақтар. Сондай-ақ, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған құндылықтарды жүзеге асыру үшін келесі жылы халықаралық қызғалдақтар фестивалі ұйымдастырылады.
Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Казталов ауданында қызғалдақ өсетін жер бар. Оған жыл сайын көптеген азаматтар келеді. Соны біз халықаралық дәрежеге көтермекпіз. Көршілерді шақырамыз, басқа өңірлерден шақырамыз. Келесі жылы қызғалдақ өсетін көктем айында ұйымдастырамыз. Мәдениетімізді көрсетеміз, жоспарын пысықтайтын боламыз.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.