Қазақстанға 800-ден астам шетелдік мигрант заңсыз кірмек болған. Тіркеуді ұйымдастырған мемлекеттік шенділер ұсталып, тиісті шаралар қабылдануда. Ал үш мың теңге пара бергені үшін астаналық кәсіпкер 300 мыңнан артық айыппұл арқалады. Жемқорлық жасағандарға жаза қатаң болғанына қарамастан, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық тыйылар емес. Ұлттық бюро мамандары брифинг барысында біраз былықтың бетін ашты.
Көші-қон қызметінің лауазымды тұлғалары лауазымдарын асыра пайдаланып, 800 шетелдік еңбек мигранттарын шекарадан заңсыз өткізіп жібермек болған. Алайда, төрт азаматтың арам пиғылы жүзеге аспай, қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілді.
Жанна Бастарова, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
Тінту барысында 800-ден астам шет ел азаматтарының паспорттары, жалған медициналық анықтамалар, дактилоскопиядан өткендігі және Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің криминалистикалық бөлімшелерінің мөртабандары басылған фотоға түсіру туралы анықтамалардың таза бланктері, жалған еңбек келісім-шарттары және тағы басқалар табылып, алынды.
Ата заңды белшесінен басқан бөлім бастығы Мұсановқа қатаң жаза қолданылды. Ол мемлекеттік қызметте өмір бойына қызмет атқару құқығынан айырылып, 5 млн. теңгеге жуық айыппұл арқалады. Тәртіп сақшыларының өзі тәртіпке бағынбай тұр. Алматы қалалық аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары парақорлық үшін күдікті деп танылуда. 2 млн. теңге көлемінде пара алған. Күдікті қазір кінәсін толық мойындады. Тергеу жалғасып жатыр.
Мемлекеттік қызметшілердің сыйлық алулары да тыйылар емес. Әсіресе, мереке қарсаңында шенділерді заңсыз «қуанту» көбейеді. Биылдың өзінде оларға 28 жеке тұлға сыйлық ұсынса, оларды алғаны үшін 5 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жазаның жалпы құны 16 млн. теңгеден асады. Алда мерекеге толы берекелі ай келе жатыр. Осы тұста ұлттық бюро мамандары тексерістің күшейетінін ескертеді.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.