Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында қой қырылды. Жеке шаруашылықтағы отар-отар қойдың 40-тан астамы айналасы бірер күннің ішінде өліп қалды. Ауру ма, әлде басқа ма, әзірге белгісіз. Мамандардың болжамы да дәл келмеді.
Байкенже ауылы іргесіндегі қыстаудың иесі Ахмет Рахимовтың айтуынша, мал өрістен ауырып келген. Ал, таңертең 10 шақты қойы қырылып қалған.
Ахмет Рахимов, шопан:
Бір мал ауырып келген соң сойып алдым, сөйтсем, еті сарғайып кеткен екен. Таңертең 10 шақты малдың өліп жатқанын көрдім. Қазіргі уақытта барлығы 120 бас қырылды. Ал, далада қалған малдарды фельдшерлер де көріп жатыр. Үш жерде үйіндісі жатыр.
Бірақ, мұнымен мамандар келіспейді. «Өлекселерді өзіміз есептеп шықтық» деп отыр. Шаруа қожалығының иелігіндегі қалған мал оқшауландырылды. Алдын ала болжаммен «лептоспироз» диагнозы қойылды. Осыған орай 930 түлікке вакцина егілді.
Ыбырайхан Ахметов, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Жаңақорған аудандық аумақтық инспекциясының басшысы:
Өлген малдар түгел жинап алынып, мал қорымға апарылып, ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай тасталды. Барлығы 40 бас өлгені белгілі болды. Комиссия мүшелерімен қол қойылып, акт жасалды.
Арнайы зертханада вирусологиялық, микробиологиялық зерттеулер жүргізілді. Сараптама қорытындысы теріс нәтиже көрсетті.
Берлібек Ахметов, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
Қосымша басқа ауруларға зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Негізі улану болған шығар деп отырмыз. Оның барлығы сараптама нәтижесі шыққан соң белгілі болады.
Дегенмен, «лептоспироз» ауруына қарсы вакцина сатып алу келер жылдың бюджетіне ұсынылып қойды. Себебі, ол дерт соңғы жылдары өңірде тіркелмегендіктен, міндетті егу кестесінен алынып тасталған болатын. Ал, қыстаудағы жағдай әлі де бақылауда. Айналадағы қора-қопсы түгел залалсыздандырылып жатыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.