Елбасы мақаласына қатысты зиялы қауым өкілдері пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы мақаласына қатысты зиялы қауым өкілдері пікір білдірді

21.11.2018

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы әбден зерттеліп жазылған және уақыт талабына сай жарияланды. Тарихшыларымыз осындай ортақ ой айтып, өз пікірлерімен бөлісуде. Зиялы қауым өкілдері мақаланың мазмұнын ашып, жастар мен жалпы халыққа жан-жақты қылып жеткізуге басымдық бермек.   

Ербол Мәндібек, тілші:

Тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада ғалымдар қаузаған мәселенің барлығы қамтылған, деп есептейді. Атап айтқанда, тарихымызды түгендеуге қажетті дүниелерді тануға, табуға, түбегейлі зерттеуге мейлінше мән берілмек, деп қуанып отыр. Ұлтымыздың болмысына, дәстүріне, ділі мен тіліне, тарихтағы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қатысты болжам емес, нақты деректер табуға жол ашылатынын айтты.

Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:

- Қазақтың көп құжаты Самарқанд, Бұқара, Ташкентте жатыр. Бұл мақала зерттеу сияқты. Ішінде философиялық ой жатыр. Еліміздің болашағы зор болсын!

 

«Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Елбасы мақаласын алғашқылардың бірі болып оқыған тұлғалардың бірі. Оның ойынша, «Ұлы даланың жеті қыры» бұған дейін жарияланған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды кешенді бағдарламалардың заңды жалғасы іспетті. «Қазақтың терең әрі бай тарихи мұрасын нақты деректерге сүйене отырып жетілдіруге әлеуетіміз жеткілікті»,- дейді. 

Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы:

-Жалпы, даңғазалау, сырттан тарих іздеу ол тарихы жоқ ұлттарға тән нәрсе. Біз сырттан тарих іздеуге, қолдан тұлға жасауға мұқтаж емеспіз. Біздің тарих бізге ұшы-қиыры жоқ әлемді ұсынады. Нақты деректерге сүйене отырып жазсақ, біздің тарихымыз Әлем тарихының негізгі бастауларының бірі екенін барлығы мойындайды.

 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бұрынғы кезде болмаған, басқалар жасамағанды біздің ел жасаған екен. Мысалы, атқа міну мәдениеті. Революцияға дейін аттан басқа техника, жылжитын күш болмаған. Ат деген - айуан ғой.  Ал, оны мәдениетке, шаруашылыққа тартқан кімдер? Біздің ата-бабаларымыз.

 

Қалың бұқараның назарына жол тартқан Елбасының кезекті мақаласында ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызға қажеттінің барлығы қамтылған. Ал, оның іске асырылуына билікпен бірге ғылым жолындағы зиялы қауым жұмыла кіріспек.

 

Ербол МӘНДІБЕК

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу