Дарынды жастар 2 мыңға жуық стартап жобаны іске асырып жатыр
Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғалымдардан 400-ден астам жоба келіп түскен. Ұлттық ғылыми кеңес оның жетпісін мақұлдады. Соның ішінде 65 жобаға грант бөлінген. Ал Астана хабта дарынды жастар шамамен екі мыңға жуық стартап жобаны іске асыру үстінде. Арасында ауыр жағдайдағы науқасты емдейтін құрылғы ойлап тапқан, балаларға тегін сапалы білім беріп жүрген азаматтар да бар. 
Қазақстанда тілі кеш шығатын балалар саны соңғы екі жылда 2 есе көбейген. Қазір диспансерлік есепте 19 мыңдай бүлдіршін бар. Айнұр Нұрәділ дәл осындай балаларға арналған «Ar Sana» деп аталатын бірегей қосымша ойлап тапты. Әдістеме жасанды интеллектіге негізделген. Логопедтердің көмегімен жасалған жобада бала виртуалды кейіпкермен бірге тапсырмаларды орындайды. 
Айнұр Нұрәділ, «Ar Sana» жобасының негізін қалаушы:
Бала, мысалы, логопедиялық орталықтарға барады. Ол жерде бүкіл жаттығуын жасайды. Сосын үйге келіп, біздің қосымша арқылы жасаған жаттығуларын тағы да қайталайды. Соның бүкіл есебі, қандай жаттығулар істеді, қандай әріп, қандай сөздерді үйренді - соның барлығын логопедтер көріп отырады.Ar Sana қосымшасы келер жылдан бастап нарыққа шығады. Бастапқыда пайдалану тегін. Ал Александр Пактың жобасы инсульт алған адамның тезірек сауығып кетуіне сеп болмақ. «Flection AI» деп ат қойған жобасы қазір оңалту орталығында клиникалық сынақтан өтіп жатыр.
Александр Пак, «Flection AI» жобасының негізін қалаушы:
Науқастар әдетте 6 айға дейін ғана оңалту орталығында ем алады, бірақ үйге келген соң жаттығуларды жалғастыру қиынға соғады. Біздің платформа сол олқылықтың орнын толтыруға арналған. Инсульт алған адам операциядан кейін алғашқы 2–3 айда аптасына үш рет тұрақты түрде жаттығумен айналысса, сауығу процесі әлдеқайда тез жүреді.IELTS бойынша рекорд жаңартып, ең жоғары 9 балл алған Сая Қыдырәлі енді 100 балаға ағылшын тілін тегін үйретпек.
Сая Қыдырәлі, IELTS орталығының жетекшісі:
Бұл толық оқу жылы сияқты 8 айлық оқу. Біз бұл жақта балаларды нөлден бастап, толықтай ағылшын тіліндегі деңгейлерін жетілдіріп, IELTS емтиханына дайындаймыз. Біз оффлайн оқытатын болғандықтан, Алматы қаласынан және Алматы облысынан қарастырып жатырмыз. Ендігі раундта біз 100 емес ,1000 баланы қамтуды жоспарлап жатырмыз.Грант ауылда тұратын және әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға арналған. Курсқа 8-11 сынып оқушылары іріктеледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы 
                                 
                                 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                    