Өскеменде жағдайы төмен отбасыларға берілетін әлеуметтік отын 5 қарашада таусылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде жағдайы төмен отбасыларға берілетін әлеуметтік отын 5 қарашада таусылған

20.11.2018

Өскеменде, қыс басталмай жатып, әлеуметтік көмір бітіп қалды. Ал, арзан бағамен отын алуы тиіс әлі 1000-ға жуық адам бар. Зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар көмірді ақшасына таппай жүр. Себебі, облыс орталығына әкелініп жатқан қатты отын жеткіліксіз.

Үшінші топтағы мүгедек Сейтқан Қалижановтың қорасында бір-ақ қап көмір қалған.

Сейтқан Қалижанов, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Мүгедектік  бойынша әлеуметтік көмірге жазылғанмын, 2 айдан асты. Осы күндері бардым, бір аптадан кейін береміз деген. Тағы бір апта тосып отырмын.

Биыл Өскеменде әлеуметтік көмірге 7 мыңнан астам адам өтініш жазған. Арнайы көліктер оларға қатты отынды арзан бағамен жеткізіп үлгермей жатыр.

Ерқайрат Сейітов, көмір тасушы:

- Маусым айынан бастап тасып жатырмыз, әлі бітіре алмадық. Жылда осы уақытта бітіріп қоятынбыз.

Әлеуметтің әлжуаз тобына арналған қатты отынның бір тоннасы 8350 теңге. Бұл - нарықтағы бағадан 450 теңгеге арзан. Биылғы жылу маусымына жергілікті билік кеніштермен «әлеуметтік» көмірдің 35 мың тоннасын алуға келіскен. Бірақ, қыс басталмай жатып, отын таусылуға таяу.

Сергей Денякин, қалалық Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері кеңесінің төрағасы:

- Сол жағалаудағы көмір қоймасына бөлінген квота бітті. Защита ауданындағы қоймада әлеуметтік көмірдің 350 тоннасы бар. Тізім бойынша ақырындап жіберіп жатырмыз. Әлеуметтік қатты отын барлығына жетпейді.

Өскеменде екі ірі көмір қоймасы бар. Олардың маңында көліктердің күні-түні кезекте тұруы үйреншікті көрініс.

Берік Көшербай, тілші:

- Защита шағын ауданындағы көмір қоймасына тәулігіне орташа есеппен 13 көмір тиеген вагон келу керек. Бірақ, көмірді сатып алушылар мен көмір тасушылар осы вагондарды ұзақ күтеді. Себебі, олар толық келмей қалады. Мысалы, бүгін 13 вагонның тек 9-ы ғана келген. Бұл өте жақсы жағдай дейді, себебі, кейде мүлде вагон келмей қалатын немесе 1-2 вагон келетін күндер де көп болады екен.

Көмір келгенде жұрт жаға жыртысып, төбелесуге дейін барады. Көмір өмірден де қымбат болып тұр.

Осы көмір қоймасының басшысы құжаттарын да көрсетті. Оған қараша айында 228 вагон көмір келу керек болған. Бірақ, 20 күнде 100 вагон ғана жеткізілген.

Асхат Букатов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Көмір қоймалары көмір алатын жерлермен келісімшартқа отырады. Сол келісімшарт бойынша бүгінде кешігулер жоқ деп мәлімдеп отыр.

Шығыс Қазақстан халқына биылғы қыста барлығы 1 миллион 141 мың тонна көмір қажет. Билік қатты отынның 88 пайызы тұрғындарға жеткізіліп қойды деп отыр. Қолындағы ақшасына көмір таппай жүрген жұрттың бұған сенгісі жоқ.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу