Алматыға Өскемен қаласынан «Қызыл кітапқа» енген қарақұс әкелінді. Қанаты қайырылып, жараланған оны өскемендік Светлана Иванова осында жеткізді. Ол бұл әрекеті үшін ешкімнен ештеңе де сұрамайды. Алайда, табиғат жанашыры құстың қанаты жазылып, хайуанаттар бағының қарауында болса екен деп тілейді. Себебі, қияда қалықтап ұшып жемтігін бүріп жейтін қарақұс енді ұша алмауы мүмкін.
«Алматы-2» теміржол бекетінде Өскеменнен жол жүріп келген Светлана Иванованы Алматы хайуанаттар бағының қызметкерлері күтіп алды. Өйткені, қоғам белсендісі қала маңынан тауып алған қарақұсты осында өткізетіндігін алдын ала хабарлаған.
Светлана Иванова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Мен Өскеменнен Алматы қаласына өте бағалы құс әкелдім. Маған бір жас жігіт телефон соғып, қала маңынан қарақұсты тапқанын айтты. Содан кейін оны үйіме әкеліп, бір айдай жемдеп, мал дәрігеріне емдеттім. Өскеменнің хайуанаттар бағына ұсынып едім, олар қажет емес деді. Сондықтан, осында әкелуге мәжбүр болдым.
Светлана әкелген қарақұсты Алматы хайуанаттар бағы бірден қабылдады. Себебі, мұнда бұған дейін құстың осы түрінен бір аталық, екі аналығы ғана болған. Алайда, жаңа мекенге әбден бейімделгенше қарақұсты арнайы орында оқшау ұстап, жарасын емдеу керек екен.
Ерден Шәкібаев, Алматы хайуанаттар бағының мал дәрігері:
- Оң қанатында сынық көрініп тұр. Оны құстың иесі көрсетті. Анықтаманы, рентген түсірілімін берді. Соған қарап, операция жасаймыз.
Жалпы, қыран тектес қарақұс Еуразия, Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияда қыстайды. Мамандардың сөзінше, әлемде олардың саны небәрі 2000-ақ мың. Сондықтан, оны «Қызыл кітапқа» енгізген. Ал, Алматы хайуанаттар бағының өкілдері «бұл қарақұсты көзіміздің қарашығындай сақтаймыз», деп отыр.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.