Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен екі адам ұсталды. Олардың үйлерінен қолдан жасалған жарылғыш заттардың бөлшектері, оқ-дәрілер мен атыс және суық қарулар табылған. Күдіктілерді іздестіру шаралары 15-інші қарашада өткен.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер органдары жүргізген операция барысында экстремистік бағыттағы өзге де материалдар, ұрыс іс-қимылдарын жүргізуге арналған нұсқаулықтар тәркіленген.
Күдіктілердің екеуі де - Ақтөбе тұрғыны. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар 17-інші қараша күні сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.
Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:
ҚР ҚК 256-бабының 2-бөлігінде көзделген, яғни, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру қылмысын жасаған деп күдіктілер ретінде танылған Жұбатов пен Әлиевке қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтініштер қанағаттандырылып, күдіктілерге бір ай мерзімге, яғни, 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.