Қазақстандағы ІТ жобалардың басым көпшілігін шетелдіктер іске асырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы ІТ жобалардың басым көпшілігін шетелдіктер іске асырып жатыр

19.11.2018

Қазақстандағы ІТ жобалардың басым көпшілігін шетелдіктер іске асырып жатыр. Ал өзіміздің мамандарға тапсырыс аз. Бұл туралы Астанада өткен «Digital arena» форумының 3-отырысында айтылды. «Цифрлық Қазақстанға» бет бұрған елімізде бұл саланы жетілдіруде проблема шаш етектен. Форумға жиналған мамандар саладағы түйткілдерді тарқатудың тетіктерін талқылады.

Қазақстан жаппай цифрландыруға көшіп жатқан тұста сан саладан тапсырыс көп. Алайда, ішкі сұранысты шетелдіктер орындап жатыр. Бұған ел мамандарының селқостық танытуы себеп емес, тек тапсырыс берушілердің  өзгенің өніміне сенім артуы басым.

Олжас Ордабаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Мемлекеттік органдар алдымен ресейлік бағдарламалар өнімінің реестерін сатып алуда. Қазақстандық өнімдерге сұраныс баяу. Қазір біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Оның үстіне елде инновацияның иірімдерін еркін меңгерген мамандар әлі де болса тапшы. Барының біразы шетелдік компаниялардың еншісінде. Қазір оларды елге қайтару жұмысы жүріп жатыр. Дегенмен, Қазақстанда ІТ мамандар мүлдем жоқ деуге келмейді. Талантты, талапты жастарға жұмыс та жетеді. Әсіресе, нарыққа қажетті жобаларға сұраныс жоғары.  

Мирус Құрмашев, ІТ-кеңестің төрағасы:

Ауылшаруашылық мәселесінде ІТ әлі келмеген. Енді-енді басталайын деп жатыр. ІТ-шниктерге жұмыс көп.

Есесіне, елімізде цифрлық технологиялардың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар мен бала күтімі демалысындағы аналардың табыс табуы артып келеді. Арнайы оқу курстарынан өткендердің 80 пайызы бүгінгі күні тұрақты жұмыс істеп жатыр. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу