Мәскеудегі Қазақ тілі мен мәдениетінің орталығына 15 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеудегі Қазақ тілі мен мәдениетінің орталығына 15 жыл толды

16.11.2018

Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің ішінен құрылған бұл мекемеде ресейлік студенттер қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқып жатыр. Осы уақыт аралығында орталық мамандары жастарға тіл үйретіп қана қоймай, ТМД елдеріне арналған қазақ тілінің оқулығын шығарды. Бұдан бөлек, жыл сайын Мәскеуде қазақ тілінен олимпиада өткізіп келеді. Орталықтың осы және өзге де жетістіктері Мәскеуде өткен мерейтойлық конференцияда айтылды.

Мәскеудегі Қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы 2003 жылы ашылған. Сол уақыттан бері 50-ге тарта ресейлік студент ана тілімізді меңгеріп шықты. Олардың арасында қазақ тілінің арқасында жұмысқа тұрған жастар да бар. 

Кәмшат Шахатова, ММЛУ Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының жетекшісі:

- Екі студенттің біреуі Ресейдің Қазақстандағы Елшілігінде 3-ші хатшы болып істейді. Оны тек қана қазақ тілін білгені үшін ғана сол жерге жұмысқа алған. Екінші студентіміз Тілдер институтында қазақ тілінен сабақ береді.

Қазақ тілі - ұлтымыздың бай тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін өркениеттің бастауы. Сол себепті, Мәскеудегі орталық 15 жылдан бері жастарға тіл ұстартып қана қоймай, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды да үйретіп келеді.     

Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қолдауымен құрылған бұл мекеме осы уақыт ішінде екі ел арасындағы ғана емес, жалпы, руханият саласындағы өзінің орны мен рөлін дәлелдеді. Әрине, бұл ретте қазақ тілі мен мәдениеті сияқты рухани құндылықты, ең алдымен елдеріміздің өзара қатынасында лайықты байланыс құралы ретінде пайдаланудың маңызы өте зор.

Ел мен елдің байланысын одан әрі бекемдей түсетін дүниенің бірі – қос тараптың ұлтқа, тілге деген өзара құрметі. Университеттің ректоры Ирина Краеваның айтуынша, тіл білетін адамның кез келген салада тіл табысуы да тез.  

Ирина Краева, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің ректоры:

- Бұл оқу орнын бітірген ресейлік жастар ертеңгі күні екі елдің арасында келіссөздер жүргізіп, саясат, экономика және гуманитарлық саладағы байланыстарды дамытады. Сондықтан, қазақ тілін білу шынайы қажеттілікке, мемлекеттік мақсатқа айналады деп ойлаймын. Ендеше, қазақ тілін оқыту процесін ары қарай да тереңдете беруіміз керек.

Мерейтойлық конференция кезінде Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары алма-кезек баяндама жасап, орталықтың жетістіктерін паш етті. Олардың пікірінше, Ресейдегі бұл мекеме қазақ тілінің өзге елде де қажет екенін дәлелдеді. 15 жылдағы басты нәтиже - осы.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу