Семейліктер мемлекеттік балабақшаның жекенің қолына өтуіне қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейліктер мемлекеттік балабақшаның жекенің қолына өтуіне қарсы

16.11.2018

Ал, мектепке дейінгі мекеме ұжымы түгел жұмыстан кетуге бел буып отыр. Қала бойынша көш бастап тұрған тәрбие ошағын жеке кәсіпкердің қарамағына беру қателік дейді көпшілік.

Балабақшаның жекенің қолына өткенін естіген ата анадан маза кетті. Жылдар бойы мінсіз жұмыс істеп тұрған бөбекжайға мұндай өзгерістің қажеттілігін түсінбей дал.

Жұлдыз Саудабаева, ата-ана:

- Еурожөндеу жасаймын дейді. Ол жасалған. Камера қоямын дейді. Камера да бар. Енді ешнәрсенің қажеті керегі жоқ. Бізге балабақшаның бұрынғыдай мемлекеттік болып қалғаны ғана керек.

Дина Базылова, ата-ана:

- Біз бұл сатып алулардың әділ өткендігіне сенбейміз. Оны жоққа шығаруды талап етеміз. Толықтай қаржылай бақылау және прокурорлық тексеру жүргізуін талап етеміз.

Балабақша ұжымы да мұндай өзгеріске алаңдаулы. Егер басшылық ауысса, жаппай жұмыстан кетпек.

Ардақ Қошанова, «Ақбота» балабақшасының әдіскері:

- Педагогтардың барлығы 100 пайыз кетеміз деп отыр. Біздің балабақшаның, педагогтардың жұмысы жоғары деңгейде бағаланып, бірінші орынды иеленіп отырмыз.

Нысан заңды түрде сенімгерлік басқаруға берілген. Қазір кәсіпкердің өкілдері мекемеге келіп, бар мүлікті санауға кіріскен. 

Әділет Қуанышбекұлы, сенімгер басқарушының өкілі:

- Он күннің ішінде қорытындысы шыққаннан кейін қабылдап алынады.

Билік өкілдері болса, бұған алаңдайтын негіз жоқ, керсінше, балабақшаның жағдайы одан әрі жақсарады түседі деген пікірде.  

Гүлнар Оразбекова, қалалық Білім бөлімі бастығының орынбасары:

- Жеке кәсіпкердің педагогикалық білімі болуы міндетті емес. Балабақшаның меңгерушісі балабақшаның әдіскері. Балабақшадағы тәрбиешілер өздерінің жұмыстарын жалғастыра береді. Экономикалық жағынан бұл өте тиімді саналғандықтан, осыны жүзеге асырып отырмыз.

Семейде биыл 5 балабақша жекенің басқаруына өтті. Жыл соңына дейін тағы бірнеше тәрбие ошағы сенімгерлікке берілмек.

   

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу