Басты Жаңалықтар Арқалықтағы боксит өндірісі кен тапшылығынан тоқтауы мүмкін

Арқалықтағы боксит өндірісі кен тапшылығынан тоқтауы мүмкін

Арқалық қаласында өндірілетін боксит кені түгесілуге таяу. Мамандар оның қалған қоры екі жылға ғана жетеді деп болжайды. Боксит өндірісінің тоқтауы тағы бір тоқырауға соқтыруы мүмкін бе? Кені азайған қаланы келешекте не күтіп тұр? 

Боксит өндірісінде қазір 800 адам еңбек етеді. Қала бюджетіне түсетін салықтың 11 пайызы осы кәсіпорынның үлесінде. Мұның сыртында әлеуметтік салаға да қолдау көрсетіп отыр. Әйтсе де, қаланың бар тіршілігі кен өндірісіне толық тәуелді деуге негіз жоқ.

Дархан Хамзин, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

- Кен біткенімен, бұл қаланың әлі де болашағы бар деп сеніммен айтуға болады. Бұрынғы облыс орталығы мәртебесінен айырылғанымен, қазір де қаншама шекаралас аудандардың орталығы болып отыр.

Яғни, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарының жақын аудандары үшін – Арқалық әлеуметтік-экономикалық қатынасқа аса тиімді. Рухани-мәдени байланыс та үзілген емес. Еңбек нарығына қажетті мамандар даярлайтын білім орталығы. Қалада 1 жоғарғы оқу орны мен 5 колледж бар.

Асқар Оспанов, Арқалық политехникалық колледжінің директоры:

- Тек қана Арқалық емес, Амангелді, Жангелдин, Жарқайың, Есіл аудандарына мамандар даярлауға үлес қосып отырмыз.

Арқалық қаласының құрамына 16 ауыл кіреді. Ауылшаруашылық жерінің көлемі 1 млн. гектарға жуық. 362 мың гектар жерге егін салады. 19 мың ірі қара, 30 мың қой-ешкі, 8 мың жылқы өсіреді. 2700 шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Осы саланың өзі қазынаға қыруар салық түсіріп, 5 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Мысалы, шағын цехта төрт адам еңбек етеді. Күніне 250 келіге дейін өнім шығарады.

Мәншүк Мәрденова, кәсіпкер:

- Жоспар-мақсатымыз әлі де кеңеюде. Сұраныс көп. Сондықтан, өзге де аудандарға шығамыз ба деген ойымыз бар.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Қаланың дәл іргесінде үйінді төбелер кездеседі. Мұны көпшілік «Арқалықтың Алатаулары» деп те атайды. Бұл кезінде боксит кені өндірілген орындар. Мамандардың айтуынша, осы топырақтың өзін кәдеге жаратып, алып өндіріс орнын ашуға болады.

Яғни, кен орнындағы саздан отқа төзімді кірпіштер шығаруға болады. Мұның сыртында Арқалық қаласынан 100 шақырым қашықтан алтын мен нефриттің мол қоры табылған. Тек оны игеруге уақыт пен қаржы қажет.

Жәнібек Ғаппасов, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Арқалықтың болашағына сенеміз. Себебі, қалада өркендеу, халық санының өсуі бар.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу