Алматыда 200-ден астам жас отбасы алғашқы төлемсіз баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 200-ден астам жас отбасы алғашқы төлемсіз баспаналы болды

16.11.2018

Алматыда 2 жылда 200-ден астам жас отбасы банктерге алғашқы төлем бермей-ақ, баспаналы болған. Бұған «Алматы жастары» атты бағдарлама жол ашып отыр. Жергілікті билік былтыр «Жастарды қолдаудың жол картасы» аясында осындай игі іс бастаған. Соның нәтижесінде, үйге мұқтаж көптеген жастың мәселесі шешілді.

Динара Айғожаева әскери саладағы мемлекеттік қызметкер. Ол Алматыда 5-6 жылдан бері пәтер жалдап тұрған. Сол себепті, алғашқы жарна жинауға мүмкіндігі болмаған. Ал, оған «Алматы жастары» бағдарламасының септігі тиді. Осылайша, қыркүйек айында 3 бөлмелі жаңа баспана алды.

Динара Айғожаева, қала тұрғыны:

- Бұл бағдарламаның тиімділігі - жарна төлеудің қажеті жоқ. Пайыздық мөлшері аз. 5 пайызбен беріледі.

Осы бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін арнайы порталға тіркеліп, табысы мен әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтерді жүктеулері қажет. Мыңдаған өтініштің ішінен кімнің үйге ие болатындығын арнайы комиссия анықтайды. «Себебі, үміткерлердің табысынан бұрын әлеуметтік жағдайына басымдық береміз», - дейді мамандар.

Бауыржан Дарманбеков, қалалық Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасы Талдау бөлімінің басшысы:

- 2017 жылы осы бағдарламаға байланысты жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, 108 отбасы баспаналы болды. Жастар жағынан қызығушылық болғаннан кейін 2018 жылы қаржы көлемі екі еселеніп, 2 млрд. теңгеге жетті. Осы жылы 200 жас отбасына баспана беру қарастырылып отыр. Қазіргі таңда 116 отбасы баспаналы болды.

Бағдарламаның тәртібіне сай, пәтер тек жаңа үйлерден беріледі. Қатысушылар 10 млн. теңгеге дейінгі қаржыны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 5 пайызбен 25 жылға дейін ала алады. Атқарушы билік өкілдерінің зерттеуінше, бұл жастар үшін ең тиімді жобалардың бірі. Өйткені, қазір Алматыда 35 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық азамат бар. Олардың жартысынан көбі жалдамалы пәтерлерді жағалап жүр.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу