Шығыс Қазақстанда дәнді дақылдарды өңдейтін өндірістік кешен ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда дәнді дақылдарды өңдейтін өндірістік кешен ашылды

16.11.2018

Ұлан ауданында іске қосылған жаңа нысанның қуаттылығы облыстағы өзге зауыттардан 10 есеге дейін жоғары. Егістікпен шұғылданатын шаруаларға аса қажет кәсіпорынды салуға 300 миллион теңге инвестиция жұмсалған.

Кешен дәнді дақылдарды кептіріп, тазалап одан әрі сақтауға арналған. Жабдықтың барлығы шетелдікі. Зауыт іске қосылғанда 10 адам жұмыспен қамтылды.

Ғалымбек Ақан, жұмысшы:

- Негізінен, жұмыс 100 пайыз автоматтандырылған. Барлығы жаңа технология. Қазір осы арқылы жұмыс істейміз.

Егін шаруашылығы дамыған өңірде астық кептіретін мұндай өндіріс кешендері көп. Бірақ, олардың дені тәулігіне 200 тоннаға дейін өнім өңдесе, Ұлан ауданындағы зауыттың өндірістік қуаттылығы бірнеше есе жоғары.

Әділбек Рамазанов, зауыт директоры:

- Біз тәулігіне 800-1000 тонна өнімді өңдей аламыз. Яғни, кептіріп, одан кейін сақтау қоймасына сала аламыз. Қоймамыздың көлемі 20 мың тонна.

Әсіресе, орақ кезінде кенеттен жаңбыр жауып кететін шығыстың құбылмалы күн райы шаруаларға көп кедергі. Сондықтан, олар үшін астықтың ылғалдылығын төмендету - ең өзекті шаруаның бірі.

Нұрымбет Сақтағанов, Ұлан ауданының әкімі:

- Осы дәнді дақылдардың ылғалдылығы 30-35 пайызға дейін жетеді. Сол ылғалдылықты 7-8 пайызға дейін төмендетіп, әлемдік деңгейдегі тауарларды осында дайындаймыз.

Дұрыс кептірілген астық – ырысты ысырапсыз сақтаудың кепілі. Ұлан ауданы Өскеменнің іргесінде болғандықтан, жаңа зауытқа облыстағы диқандардың көбі өнімін әкелуге әлден бел буып отыр.

Бұл зауыт өңірдегі шаруалардың өнімін кептіріп, тазалап, сақтау бойынша қызмет көрсетумен қатар, оны сату жағынан да көмектеседі. Мысалы, Ұлан ауданындағы бір үлкен қожалықтың күнбағысы қапқа салынып, дайын тұр. Жақын арада Қытай еліне экспортталады.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу