Басты Жаңалықтар Шерхан Мұртазаның қайтыс болғанына қырық күн толуына орай еске алу шарасы өтті

Шерхан Мұртазаның қайтыс болғанына қырық күн толуына орай еске алу шарасы өтті

Қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампозы, шындықтың жебесі атанған Шерхан Мұртазаның дүние керуенінен қайтқанына қырық күн. Тұтас халықтың Шерағасы болған дара тұлғаны елорданың зиялы қауымы еске алып, құран бағыштады. Сондай-ақ, туған жері Тараз қаласында да жұртшылық өкілдері бас қосып, айбарлы жазушыны еске алды.

Қазанның 9-ы күні Қазақ елі абыз ақсақалынан айырылып қалған еді. Елдің мұңын мұңдап, шындықты қаймықпай айтатын біртуар азаматының бұл дүниеден қайтқанына халықтың қабырғасы қайысты. Бүгін замандастары мен шәкірттері намыстың қайрағы болған тау тұлға туралы естеліктерін айтып, оның өлшеусіз еңбегі жайлы сөз етті.

Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері:

- Баяғыда Парламентте тіл жайында дау болып жатты. Қос тілді болсын, орыс тілі болсын, мемлекеттік тіл қазақ тілі болсын дегенде орнынан тұрып, жолдастар екі тіл жыланда ғана болады деген адам еді.

Баспасөздің бас сардары кезінде еліміздің ең ірі деген басылымдары мен телеарнасын басқарды. Талай талантты жастарды елге танытты. Қазақтың сөздік қорында «Шерағаңның шекпені» деген бұзылмас сөз тіркесі қалыптасты. 

Төлен Әбдік, жазушы, қоғам қайраткері:

- Жақсыны қимайсың. Шәкең мұратына жетті, ұзақ өмір сүрді, атақ-даңқы жер жарды. Бүкіл зиялы қауым мен халықтың сүйікті азаматы болды. Мұндай адамдар сирек.

Шері жазушыны туған жері Тараз қаласында да еске алды. Тәңіртаудың етегінде туған даңқты ұлының рухына арнап құран бағыштады.

Шераға кеңестік жүйенің кеңеспей кесетін сұрқай саясатынан сескенбей, ұлт мүддесін түгендеп, халқының қалауын соға білген сомжүрек қаламгер еді. Жадағай шалалықты жасырмайтын, баянсыз беделге бас ұрмайтын жазушының айбарлы бейнесі мен құнды мұрасы халық жадында мәңгі қалары сөзсіз.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу