«Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының форумын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының форумын өткізді

15.11.2018

Бүгін «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығын атап өту ресми түрде басталды. Астанада бастауыш партия ұйымдарының  бірінші республикалық форумы аяқталды. Партияның Саяси кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруды тапсырған еді. Бүгін Президент форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.

«Нұротандықтардың» көтеріңкі көңіл-күйі Астананың ауа райына әсер етіп тұрғандай. Бүгін жылы шырай танытып тұр. Форумға қатысушылар бұл күнді, осы сәтті асыға күткен сыңайлы.

Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға құттықтау хатын жолдады, оны партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев оқып берді. Президент қатысушыларға ізгі лебізін білдірді, үлкен міндет жүктелгенін айтты.

«Мен биылғы Жолдауымда еліміздің даму деңгейі әрбір азаматымыздың әл-ауқатымен өлшенетінін атап өттім. «Нұр Отан» партиясы жетекші саяси күш ретінде дамудың локомотиві болып қана қоймай, сонымен бірге, әр қазақстандықтың мемлекеттің әлеуметтік саясатының игілігін сезінуінің кепілі де болуы тиіс. Саяси кеңестің биылғы маусым айындағы кеңейтілген отырысында біз партияның жүйелі жаңғыру үдерісін бастадық. Оның басты бағыттарының бірі – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру. Бүгінгі басқосу партия қызметіне тың серпін беріп, жұмыс тәсілдерін жетілдіру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін».

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Ал, Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, партия негізі қаланған күннен бастап экономикалық және әлеуметтік, саяси саладағы Президент саясатының басты әрі негізгі орындаушысы. «Нұротандықтар» Елбасының сенімді тірегі ретінде Қазақстанның үшінші жаңғыруына жүйелі түрде қатысатын стратегиялық күш болып қалыптасу міндеті тұр деді.

«Негізгі күш – бастауыш партия ұйымдары», - дейді Бекбол Рамазан. Ол еліміздегі ең жас проректор, жасы 27-де. 444 адам мүшелік ететін «Қазақстан жолдары» бастауыш партия ұйымына жетекшілік етеді.

Бекбол Рамазан, «Қазақстан жолдары» БПҰ төрағасы:

- Әрбір бастауыш ұйымының төрағасына, мүшесіне мотивация беретін жиын. Алда енді осы жұмысымызбен дәлелдейік.

Форумда айтылған ұсыныс көп. Еркін пікірталас алаңында әркім өз ойын бүкпесіз жеткізді. Бұл жерде жаттанды сөз емес, маңызды мәселелер айтылды. Өйткені, жалпыдан жалқыға, сөзден іске көшетін кез келді. Сенатор 5 бастаманың жүзеге асуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов 2022 жылдың соңына дейін 7 мың орындық жатақханаларды пайдалануға беру көзделіп отырғанын айтып, кемшіліктерге тоқталды.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жатақхана құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжатты дайындау жұмыстары баяу, әкімдер мен ректорлар инвесторлармен жеткілікті деңгейде жұмыс жүргізбей жатыр. Жер учаскесін беру бағытында жергілікті атқарушы органдардың жұмысында да жетіспеушілік бар. Партиялық ұйымдар осы мәселелерге баса назар аударуы керек.

Салаға жауаптыларға сұрақ қойғандар тұщымды жауап ала алды. Партия біріншіден халықтікі. Сондықтан да, әлеуметтің мәселесін шешуде таянбайды. Қолға алынған 20-дан астам жобаның қызығын азаматтар көруі тиіс. «Нұр Отанның» 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы бар, 1 миллионға жуық мүшесі бар , 17 аймақтық және 230 аумақтық филиалы жұмыс істеп жатыр. Енді бастауыш партия ұйымдарымыздың халықпен жұмыс тиімділігін одан әрі арттыру қажет. Бүгін айтылған барлық ұсыныстар тұжырымдамада ескеріліп, құжат бірауыздан қолдау тапты. Онда жаңа жұмыс форматын енгізудің ұтымды жолдары айқын көрсетілген. Соңында «Үздік бастауыш партия ұйымдары» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу