Электр қуатының бағасы неге қымбат? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электр қуатының бағасы неге қымбат?

15.11.2018

Электр қуаты неге қымбат? Тұтынушылардың төлемі қайда жұмсалып жатыр? Қостанайдың энергетик мамандары қоғамдық тыңдау өткізіп, тұрғындардың осы мазмұндағы бірқатар сауалдарына жауап беруге тырысты.

Қатардағы тұтынушының бірі Сардар Халықов электр қуатын барынша үнемдеп, ақысын да уақтылы төлеп отырады. «Алайда, энергия құны бәрібір орта табысты азаматтар үшін қымбат», -дейді ол.

Сардар Халықов, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Артық нәрсені біз қолданбаймыз. Соның өзінде жарықтың ақшасы айына 3600-ге дейін шығады.

Электр энергиясын таратушы кәсіпорын өкілдерінің бұған айтар өз уәжі бар. Облыстағы электр желілері мен құрылғыларының 71 пайызы пайдалану мерзімі өтіп, тозған. Сондықтан, төлемнен түскен қаржының басым бөлігі ескіні жаңартып, жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Қалған 20 пайызы жалақы, техниканы пайдалану тәрізді мұқтаждықтарды өтеуге кетеді.

Виктор Кирий, Электр энергиясын таратушы кәсіпорынның бас инженері:

- Өкінішке қарай, инфляция деген бар. Бізге қажетті жабдықтардың, басқа да заттардың құны өсіп жатыр. Бұл қосымша шығын. Осының бәрі электр қуатының бағасына әсер етеді.

Қостанай облысында электр қуатының орташа құны жыл басынан бері 5 тиынға қымбаттады. Қазір бір кВттың орташа бағасы - 18 теңге. Алайда, мұның өзі тозған тораптарды түгелдей жаңартып тастауға жеткіліксіз көрінеді. Әйтсе де, жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда осы мақсатқа облыс бойынша 800 млн. теңгенің сыртында қаржы жұмсалған.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу