Березовка ауылын көшірген кәсіпкер мен тасымалдаушылар бір жылдан бері ақшаларын алмаған
Батыс Қазақстан облысында бүтін бір ауылды көшірген кәсіпкерлердің ақшаларын ала алмай жүргеніне жылдан асты. Осыдан төрт жыл бұрын белгісіз заттан уланып, берекесі қашқан Березовка елді мекені тұрғындарын қоныс аударту мәселесі тікелей Елбасы назарында болған. Алайда, осы жауапты жұмысты атқарған азаматтар ақ адал ақысына қол жеткізе алмай жүр.
Еңбегі еш болған Ерік Жәкібаев аудандық әкімдікпен соттасып жүр. Кәсіпкер былтыр Березов ауылындағы 400-дей үйді Ақсайға көшірген. Ол үшін жекеменшік көлігі бар он шақты тасымалдаушыны жалдаған. Бір ай бойы екі ортада жүк тасып, күн-түні тыным таппаған.
Ерік Жәкібаев, кәсіпкер:
- Жыл аяғына дейін барлық жұмысты бітірдік. Бірақ, бізге ақша төленбеді. Себебі, келісімшарт қазынашылық мекемесіне тіркелмеген. Ал, оны тіркейтін Еркін Хабибуллин. Бірақ, 5 күн ішінде құжатты тіркеу керек еді. Ол оны істемеген. Соның кесірінен ақшамызды ала алмай жүрміз.
Айрандай ұйыған ауылдың үдере көшуіне тұрғындардың белгісіз заттан жаппай улануы себеп болды. Осыдан тура төрт жыл бұрын бір күнде 28 бала естен танып құлады. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Бұған Қарашығанақ кен орнының әсері болуы мүмкін деп, Березов және Бестау ауылдарын көшіру туралы шешім қабылданды. Былтыр екі ауылдағы 2 мыңнан астам адам түгел көшірілді.
Жеңісбек Мустафин, тұрғын:
- Біздің көшіп келгенімізге 1 жыл болды. Көшірген адамдарға кінәміз жоқ. Үй де жақсы, ризамыз. Сол көшірген ұжымға рахмет айтамыз.
Алайда, Бөрлі аудандық әкімдігі кәсіпкерді сотқа сабылтып қойды. Сот шешімі қыркүйекте шыққанымен, орындалған жұмыстың ақысы әлі төленер емес.
Дәурен Қуанышқалиев, Бөрлі аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Сот шешімі 7-і күшіне енді. 8-де Бөрлі аудандық қаржы бөліміне хат жолдадық. Себебі, бұл кісінің ақшасын сот шешімінсіз төлей алмаймыз. Енді осы айдың ішінде төлеп береміз.
Құрғақ уәдеден жалыққан кәсіпкер енді Бас прокуратураға шағымданбақ. Жұртта қалған Березов ауылы қазір кен орнының санитарлық қорғау аймағы саналады. Бірақ, кіруге тыйым салынбаған.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы