Бір мезетте емле емтиханынан өткендер сапында Мәдениет және спорт министрінен бастап, өнер және спорт саңлақтарына дейін бар. Диктант «Shalqar» және «Qazaq» радиоларында тікелей эфирде аудио нұсқада оқылды. Латын негізді қазақ әліпбиінен білімін сынауға күні бұрын ресми түрде 1 млн. 500 мың адам тіркелген. Кейін шараға қызығушылық танытып қатысқандар саны өсе түсті.
Қатысушылар бастапқыда тыңдайды, сосын жазады, соңында тексере алады. Ал, диктанттың мазмұны әліпбидің маңыздылығы турасында болды. 15 жастан асққанның барлығы емле емтиханынан еркін түрде өтті. Арнайы белгіленген орындардан бөлек, интернетке кіруге мүмкіндігі болса, кез келген жерде жазды. Мысалы, Маңғыстауда 100 мың, Атырауда 80 мың, ал, Семейде 150 мың адам диктантқа қатысты.
Дзюдодан спорт шебері Максим Раковтың латынша жазудан шеберлігі қандай? Жанындағы жолдасына жалтақ қарап қояды. Қазақшаға шорқақ. «Бірақ, қазақ тілінде диктантты қатырып жазғанмын», - дейді. Әйтсе де, әліпби тіптен бөлек.
Максим Раков, дзюдодан Әлем чемпионы:
- Мектепті еске түсірдім. Бірақ, латынша алғаш жазып отырмын. Негізі жеңіл. Себебі, ағылшынша білсең, аса қиындығы жоқ сияқты. Ал, қазақ тіліндегі диктанттардан 4 кейде 5 алатынмын.
Халық латынша сауатты жазу үшін әлі де әзірлік керек. Себебі, сыннан министрдің өзі де сүрінді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- 3-4 қатем болды. І мен ү, у. У болғанда и-дің үстіне нүкте қою керек, у болғанда нүкте қоймайсың. Енді оны жүре-жүре үйренеміз.
Жастайынан латынша меңгерген Майра Мұхамедқызының өзі емле ережесіне жетік еместігін айтты.
Майра Мұхамедқызы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
- Он шақты әріптің айырмашылығы бар. Соны меңгеріп алсам, қиын емес деп ойлаймын.
Қолда бар латын негізді қазақ тілі әліпбиі түбегейлі бекітілді. Дегенмен, кемшіліктер дәлелді болса, түзету жүргізіледі.
Қуат Борашев, ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы:
- Әліпби негізінде емле-ережесі әзірленеді. Емле-ережесі кезінде соның жазу дағдылары қарастырылып жатыр. Бірақ, жалпы әліпби осы күйінде сақталады.
Емле ережесін еркін меңгеру – кім-кімге де негізгі міндет. Себебі, 2025 жылға дейін латын қарпіне кезең-кезеңмен көшеміз. Сондықтан, сапалылық үшін жалпыхалықтық диктант әлі талай өткізіледі.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.