Басты Жаңалықтар «Теңге – мемлекет келбеті» атты оқушыларға арналған ашық сабақ өтті

«Теңге – мемлекет келбеті» атты оқушыларға арналған ашық сабақ өтті

«Теңге - мемлекет келбеті». Ұлттық мұражайда осындай атпен оқушыларға арналған ашық сабақ өтті. Сабақ барысында олар көрмеге қойылған ұлттық валюталармен танысты. Тек қазіргі теңгені көрген жеткіншектерге осыдан 25 жыл бұрын пайдаланған ақшаларды көру ерекше әсер қалдырды. Алғашқы теңгелер: әл-Фарабидің суреті бар 1 теңге, Шоқан бейнеленген 10 теңге, 100 теңгедегі Абылайхан оқушылардың қызығушылығын оятты. Көрмеге бұдан бөлек, ТМД елдерінің ортақ пайдаланған сомы, кейбір шет мемлекеттердің бүгінде айналымынан шыққан қағаз банкноттары мен металл монеталары да қойылған. Ашық сабақ кезінде оқушылар ұлттық валютаның шығу тарихымен танысып, қызықты ақпараттарға қанық болды. Мәселен, Лондонда басылып шыққан алғашқы теңгелерді елге жеткізу үшін 18 рет рейс жасалған. Мұндай мәліметтердің оқушылар үшін қызық болары анық.

Дархан Көкебаев, Жазба ескерткіштер секторының жетекшісі:

- Балалардың қызығушылығы керемет. Мұның тәрбиелік мәні зор. Ұлыларымыздың суреттері тұрған соң олардың аттарын, тарихымызды білетін болады.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу