Қазақстанда бизнестің жедел жәрдемі пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда бизнестің жедел жәрдемі пайда болды

13.11.2018

Ешқандай елде жоқ ерекше жоба «Кәсіпкерлікті құтқару қызметі» деп аталады. Жұмыс істеу қағидасы кәдімгі медициналық жедел-жәрдем секілді. Қиындыққа тап болған кәсіпкер 1432 қысқа нөміріне қоңырау шалып, жедел топтың көмегіне жүгіне алады.

Бизнестің жедел жәрдеміне алғашқылардың бірі болып Асқар Келесов қоңырау шалды. Араға 15 минут салып жедел топ жетіп келді. Әуелі кәсіпкердің уәжін тыңдады. Айтуынша, шағын сауда нүктесі осы маңдағы полицейлердің назарына жиі ілігіпті. Тар жерге сыймаған тауарды сыртқа шығарғаны үшін айыппұл арқалаған. 

Асқар Келесов, кәсіпкер:

- Жергілікті «Атамекеннен» келіп бізге көмек берді. Полиция бізге айыппұл салған еді соның 50 пайызын қысқартып берді.

Мамандар Асқарға салынған айыппұл көлемін қысқартумен шектелмеді. «Алдағы уақытта оның сауда нүктесін кеңейтуге көмектесеміз», - дейді.

Мақпал Жүнісова, «Атамекен» ҰКП «Бизнесті құтқару қызметінің» өкілі:

- Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына осы сауда нүктелеріне беретін ұлғайту бойынша шағымдандық, келесіде осындай сауда орындарының аумағын ұлғайтады деп сенімдіміз.

Айта кетейік, бизнесті құтқару қызметі 1 қазаннан бастап жұмыс істеп жатыр. Осы мақсатта арнайы көлік алынды, арнайы жедел топ құрылды және кәсіпкерлердің арыз-шағымы үшін осындай қоңырау қабылдау орталығы ашылды. Жұмыс істеу қағидасы кәдімгі медициналық жедел жәрдем сияқты. Мұндағы мамандар қоңырау шалған кәсіпкердің мәселесін сұрап, жедел топты жөнелтіп отырады.

Заңсыз тексерулер мен толып жатқан даулы мәселелер кезінде кәсіпкерлер бизнестің жедел жәрдеміне 1432 қысқа нөмірі арқылы қоңырау шалып құқықтық әрі психологиялық тұрғыда көмек ала алады.

Шұға Наурызбаева, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры:

- Ең бастысы, психологиялық көмек. Өздеріңіз білесіздер, кейбір кәсіпкерлердің өздеріне қол жұмсаған оқиғалар болды. Мақсат осындай орны толмайтын оқиғалардың алдын алу. Екіншіден, бұл жобаға «Атамекен» ғана емес, прокуратура органдары, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі, әкімшілік өкілдері және палатаның өңірлік өкілдері топ болып қосылады.

Бизнесті құтқару қызметі әзірге Астана мен Алматыда пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта оның маңыздылығы мойындалса, республиканың барлық аумағын қамтымақ.

 

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу